САУРАН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ МАҚСАТ ТАҢҒАТАРОВ: ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕЛЕР КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ШЕШІЛУДЕ

147

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров он екі ауылдық округтің тұрғындарымен кездесіп, өңірді экономикалық, әлеуметтік дамыту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Жергілікті тұрғындарды толғандырған жайларды бірлесіп шешудің жолдарын қарастырды.

Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында:«2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды»,-деген болатын. Міне осы жобалардың жергілікті жерде атқарылуы қандай деңгейде, көпшілікті қандай мәселелер алаңдатады деген ойларымен бөлісу үшін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровпен сұхбаттасқан едік.

-Мақсат Асылбекұлы, жылдың экономикалық көрсеткіші тоғыз айдың нәтижесіне байланысты дәйектелетіні белгілі. Осыған орай, аудан үшінші тоқсанды қалай қорытындылап отыр?

— Соңғы аптада ауданның он екі ауылдық округін аралап, жергілікті халықтың тыныс-тіршілігін бағамдап, оларды толғандырған сұрақтарды бірлесіп шешу жолдарын қарастырдық. Ең алдымен атқарылған жұмыстарды саралап, жоспарларды талқыладық. Жергілікті биліктің ең басты мақсаты – тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету болып табылады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Облыс әкімі де ауданымызға жасаған сапарында ауданды әрі қарай дамытуды қарқынды жүргізуді тапсырды.

Ауданның дамуына тоқталатын болсам 2023 жылдың 3 тоқсанның қорытындысымен негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы ойдағыдай болып отыр.

Ағымдағы жылғы 9 айдың қорытындысымен ауданның жалпы өңірлік өнімі 78,2 млрд. теңгені құрап, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 111,9%-ға артып отыр. 2022 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш – 69,9 млрд. теңге болатын. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 66,2 млрд. теңгеге жетті. Былтырғы жылдың тиісті сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 101,4%-ды құрап отыр.Өнеркәсіп өнімінің көлемі 7,5 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда өсім 107,1%-ды құрады.

Аудан экономикасына 22,4 млрд. теңге инвестиция бағытталып, өсім 168,6%-ды құрады. Пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлер алаңы 155,1%-ға артып, 24,3 мың шаршы метрге жетті.

 

-Ауданның негізгі тірегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер болып табылады. Сондықтан, осы саланы дамытуға мемлекет те үлкен қолдау білдіріп отыр. Оның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Ауыл аманаты» жобасы басталды.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында: «Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек»,-деген болатын. Соған байланысты жергілікті өнім өндірушілердің табысы қандай деңгейде деп ойлайсыз?

— Президентіміз ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жүргізілуде. Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылуда. Ол өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары. Сондай-ақ, кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Сауран ауданында бағдарлама Қарашық, Оранғай, Ескі Иқан, Майдантал ауылдық округтерінде іске асырылуда. Бүгінгі күнге «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 149 жоба қабылданып, 579 млн. теңгеге 98 жоба қаржыландырылды, 13 жоба кепіл шартын тіркеу сатысында тұр. Бағдарламаның аясында ауданда 7 кооператив құрылды.

Ағымдағы жылдың 9 айында Сауран ауданы ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 6 млрд. 164 млн. теңге инвестиция тартылды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 есеге артқан. Жыл соңына дейін 11 млрд. 332 млн. теңге көлемінде инвестиция тартылады деп жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, алдағы уақытта жалпы құны 4 млрд 260 млн теңгені құрайтын бірнеше инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда.

 

-Нарықтық қатынастың нақ ортасында шағын және орта кәсіпкерлік нысандары жүр. Барлық ауыртпалық та солардың мойнына түсіп отыр деуге болады. Жалпы аудан бойынша кәсіпкерлік даму қарқыны қалай?

-Аудан бойынша шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалып отыр. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6 мың 911-ге жетті. Аудан құрылғалы бері соңғы 2,5 жылда олардың саны 4 мың 838-ге өсті. Қазіргі таңда осы салада 8 мың адам жұмыспен қамтылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 1,5%-ға артты. Тұрғындарының орташа жалақысы былтыр 419,8 мың теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 15,1 пайызға артты.

Аудан бюджетінің өзіндік кірістері жыл сайын артып келеді. Салықтық түсімдердің өткен жылғы 9 айда нақты орындалуы 1 млрд. 239 млн. теңгені құраса, биыл 1 млрд. 990 млн. теңгеге жетті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 2 млрд. 172,4 млн. теңгені құрап, ағымдағы жылға қойылған жоспар 100%-ға орындалады деп күтілуде.

 

-Әкімдердің негізгі қызметі өңірге инвестиция тартуымен бағаланады. Сауран ауданына тартылған тікелей инвестиция көңіл көншіте ме?

-Әрине. Соңғы екі жылда аудан экономикасына 38,3 млрд. теңгеден астам инвестиция бағытталып, 2 есеге өсті. Бұл көрсеткіш 2021 жылы 12,4 млрд теңге болса, 2022 жылы 25,9 млрд теңгеге жетті. Биылғы 9 айда инвестиция көлемі 22,3 млрд. теңгені құрады. Ал жылдық жоспарымыз 30,4 млрд. теңгеге жетеді деп жоспарлап отырмыз. 2023 жылға 14,4 млрд. теңгеге 59 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Сол арқылы 508 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жыл басынан 5,3 млрд. теңгеге 37 жоба іске қосылып, 149 жұмыс орны ашылды. Жылдың соңына дейін 22 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Сөйтіп 359 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

 

— Ауылдық округ тұрғындарымен кездесуде негізінен көтерілетін мәселелер сапалы ауыз сумен қамту, табиғи газ жеткізу және аудан орталығына қатынайтын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету болып отыр. Осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз.

— Қазіргі таңда Сауран ауданы бойынша 36 елді мекеннің 32 елді мекені ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Ауыз сумен қамту көрсеткіші – 84,7%-ды пайызды құрап отыр. Шорнақ, Қосмезгіл елді мекендерінде жаңадан қоныстанған аумақтарды ауыз сумен қамту мақсатында жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптама қорытындысын алуға жолданды. Аудандағы 36 елді мекеннің, 11 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстары жүргізілген. Бүгінгі күнге нақты 7 елді мекен табиғи газға қосылды Атап өтетін болсақ, Нұртас, С.Қожанов, Жалаңтөс, А.Үсенов, Шаға, Қазақстанның ХХХ жылдығы, Ескі Иқан. Төрт елді мекенге ағымдағы жылы табиғи газ беру жоспарлануда. Олар Ибата, Ойық, Бершінтөбе, Шоқтас ауылдары. Шорнақ, Қосмезгіл, Оранғай елді мекендері мен Жүйнек және Қарашық ауыл округтеріне ішкі газ құбырларының құрылысына жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Сонымен қатар, Жүйнек, Қарашық, Оранғай, Шорнақ ауыл округтеріне магистральді табиғи газ құбырының құрылысына жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қорытындысын жыл соңына дейін алу жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда аудан тұрғындарының сұранысына орай, облыстық бюджет есебінен «Түркістан — Ескі Иқан» бағыты бойынша жолаушылар тасымалы ұйымдастырылған. Сонымен қатар, ауданішілік алты бағыт бойынша жолаушылар тасымалын ашуға «SAR Avto» ЖШС арқылы тиісті жұмыстар атқарылып, үш бағыт бойынша көліктер жүруде.

Аудандағы өзекті мәселелерді ең алдымен жергілікті халық жақсы біледі. Сондықтан тұрғындармен ақылдаса отырып алдымызда атқарылатын ауқымды міндеттер тұр. Басты міндетіміз — аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында жұмыстар жалғасын табатын болады.

Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларының әрі қарай тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, жаңа кәсіпорындар ашу. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту есебінен аудан экономикасын көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жұмыстар атқарамыз. Сондықтан, күрделі мәселелерді шешуге және ауданның дамуына көпшілікпен бірге жүйелі шаралар қабылдайтын боламыз.

 

— Салиқалы сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан:

Л.САРЫБАЕВА.