ШАҒАЛЫҚТАРДЫҢ ШАҒЫМЫ ШЕТІНЕН ШЕШІЛІП ЖАТЫР

131

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров есепті кездесуін Шаға ауылдық округ тұрғындарымен өткізді. Бұған дейінгі кездесуде тұрғындар коммуналдық сала бойынша бірнеше мәселе көтерген болатын. Шоқтас пен Бершінтөбе елді мекендері табиғи газбен қамту жөнінде ұсыныстар айтылған. Бүгінде екі елді мекенде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы тарапынан берілген кемшіліктерді түзету мен сығымдау жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, Шаға және Қазақстанның 30 жылдығы елді мекенінің 33 көшесі толық табиғи газ жүйесімен қамтамасыз етілген.

Ауыл округ бойынша 9 дана трансформатор орнатуға мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, орнату жұмыстары жүргізілуде. Келісім-шарт құны – 16 095,2 мың теңге. Қазақстанның 30 жылдығы, Бершінтөбе, Шоқтас елді мекендерін сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында, ЖСҚ әзірленуде. Фурхат, Жастар, Тағайлы көшелерін орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Темірқорған көшесіне аяқ жол салу жұмыстары жүргізілуде.

— Бершінтөбе, Шаға елді мекендеріндегі су тасқыны кезінде бұзылған автомобиль жолдарын қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудан әкімінің айтуынша ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажет ететін коммуналдық жұмыстардың 60 пайызы шешімін тапқан.

Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларының әрі қарай тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, жаңа кәсіпорындар ашу, жұмыс істеп тұрған қуаттарды кеңейту есебінен аудан экономикасын көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жұмыстар атқарамыз. Сондықтан, күрделі мәселелерді шешуге және ауданның дамуына сіздермен бірге жүйелі шаралар қабылдайтын боламыз,-деді өз сөзінде Мақсат Асылбекұлы.

Келесі жылы бірқатар маңызы бар нысандардың құрылысы басталады. Сонымен қатар, «Ынтамақ үйі» құрылатын болады. Ауданға инвесторлар да қызығушылық танытуда. Ауыл шаруашылық саласындағы кәсіпорындар салынып, жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Есепті кездесуден кейін аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады. Қабылдауға жазылған екі азаматтың өтініш-талаптары назарға алынып, тиісті сала басшыларына тапсырмалар берілді.