ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ЖАСТАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

259

Бүгін Шымкент қаласы әкімінің «Жыл көшбасшылары — 2023» премиясының иегерлері марапатталды.
Жыл үздігі деп танылған жас мамандарды Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков марапаттады.

–Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанның болашағы жалынды жастар екенін айтып келеді. Бүгінде мемлекет жастардың сапалы білім алуына, спортпен, ғылыммен және шығармашылықпен айналысуына, жұмысқа орналасып, бизнес бастауына, отбасын құрып, өмірден өз орнын табуына және баспаналы болуына қолдау көрсетуде. Биыл Шымкент қаласында 159 жасқа 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие берілді. Сондай-ақ, жұмыс істейтін 900-ге жуық жасқа арендалық баспана беріліп отыр. Осының барлығы еліміздің басшылығының жастарға деген қамқорлығының көрсеткіші деп ойлаймын, – деді Ғ.Сыздықбеков.

Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Жыл көшбасшылары — 2023» премиясының иегерлері марапатталды.

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан байқаудың мақсаты – әртүрлі салаларда жемісті еңбек етіп келе жатқан жас мамандарға қолдау көрсету, олардың жетістіктерін насихаттау, жастардың рухын көтеріп, оларды елге адал қызмет етуге ынталандыру.

Байқауға 14 пен 35 жас аралығындағы 168 үміткерден өтінім келіп түссе, арнайы құрылған комиссияның шешімімен 20 азамат өз саласының үздігі деп танылды. Бүгін «Жыл көшбасшысы» атанған сол жастар марапатталып, оларға қала әкімінің атынан диплом, арнайы статуэтка және қаржылай сыйлық табыс етілді.

Айта кетейік, «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, әріптесіміз Айдана Мұхтарова аталған байқауда «Үздік жас журналист» номинациясының иегері атанды.