ТҮРКІСТАНДА ШАХМАТТАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ ӨТІП ЖАТЫР

391

Түркістанда жасөспірім қыздар мен ұлдар арасында шахматтың классикалық, рапид және блиц түрінен Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова арнайы қатысып, барша қатысушыға сәттілік тіледі.

– Түркістан қаласы – еліміздің рухани-мәдени орталығы. Сонымен қатар Түркістан түркі мемлекеттерінің 2024 жылғы туризм астанасы болып белгіленді. Сол себептен де үлкен деңгейдегі чемпионаттың Түркістанда таңдалып, өткізіліп жатқаны бекер емес. Қазіргі таңда өңірде жаңадан спорт нысандары бой көтерді. Халықаралық, әлемдік жарыстар өткізіліп жатыр. Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан спортқа қолдау көрсеткен соң, спортшылар да өз тарапынан нәтиже көрсете білуі керек. Міне, бүгін еліміздің түкпір-түкпірінен қаншама жас шахматшы өз мүмкіндігін тексеріп көруге келіп отыр. Сәттілік тілеймін. Баршаңыз Қазақстанның көк туын биікте желбірете беріңіздер,

– деді облыс әкімінің орынбасары.

Ел чемпионаты 12 күнге жоспарланған. Мұнда Қазақстанның 20 өңірінен 400-ден астам жас шахматшы бас қосып отыр. Олар 14, 16 және 18 жасқа дейінгі санат бойынша өзара үздіктерді анықтайды. Жалпы жүлде қоры 5 млн. теңгені құрайды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі