“ӨЗІ ӨЗБЕК, ТІЛІ ҚАЗАҚ ДИКТОР…”

1008

Зульфия Ахметова. Осы бір есімді бала кезімде көгілдір экраннан көп еститінмін. Жергілікті «Тұран Түркістан» телеарнасынан көрерменге жол тартатын «Сазды сәлем» құттықтау бағдарламасы мен «Асқа шақыру», «Еске алу» сынды айдарларда Зульфия Таиржанқызының қоңыр дауысы көпшілікті баурап алатын. Сөйлеу мәнері мен келбеті келіскен Зульфия телеарнаның хабарларын тізгіндеп, ұлты өзбек бола тұра, қазақ тілінде бұлбұлша сайрайтын. Зульфия аталған телеарнада тынымсыз 10 жыл еңбек етті. Оның жүргізген хабарлары мен жарық көрген эфир шығаралымдары көк жәшіктің арғы жағындағы талай жасқа қанат бітіргені анық.

Бүгінде Зульфия Түркістан қаласындағы Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі қызметін атқарып келеді. Өлең жазуға әуестігі бар Зульфияның жазған өлеңдері қалалық және облыстық газеттерде жиі жарық көрген. Өз тілі өзбек тілінде жазған бірнеше туындылары «Туркистонлик еш шоир ва ижодкорлар» жинағына енген.

Мемлекеттік тілде мүдірмей сөйлейтін ұстаз өзінің шеберлігін бірнеше байқауға қатысып, жүлделі орын алып дәлелдеген. Соның бірі — 2018 жылы Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназияда өткен «Мемлекеттік тіл – менің тілім!» байқауына қатысып, бас жүлдені қанжығаласа, мектепішілік жас мамандар арасында өткен «Жас маман – 2018» байқауында да бас жүлдені ешкімге бермеген.

Бала жанының бағбаны болған Зульфияның шәкірттері де дарынды әрі талантты. Оларға қазақ тілін терең ұғындырудан жалыққан емес. Біліктілігі мен тәжірибесі толысқан ұстаз алдына мақсат қойып, үздіксіз еңбек етіп келеді.
Ақмарал Ғаниқызы,
Түркістан облысы