СОЗАҚ ТҰРҒЫНДАРЫ ДАРХАН САТЫБАЛДЫҒА ҚАНДАЙ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ЖЕТКІЗДІ?
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Ашық есік күні» аясында бірыңғай қабылдау өткізіп келеді. Былтыр әрбір аудан, қалада халықпен кездесу ұйымдастырылып, жалпы 50-ден аса жеке қабылдау өткен. Тұрғындар көтерген мәселелер мен айтылған ұсыныс-пікірілер негізінде хаттамалық тапсырмалар берілген. Бүгін ашық форматтағы жеке қабылдау Созақ ауданында өтіп, тұрғындар өз сауалдарын қоюға мүмкіндік алды. Қабылдауға құқық қорғау органдарының және облыстық басқарма басшылары мен өкілдері де қатысып, мәселелердің оң шешімін табуына атсалысты. Тұрғындарын өтінішін мұқият тыңдаған өңір басшысы заң аясында шешілу жолын түсіндірді.
– Әрбір айтылған мәселе жан-жақты зерттеледі. Шешімін тапқанша өзімнің бақылауымда болады. Біз үшін тұрғындардың пікірі маңызды, – деген облыс әкімі тиісті сала басшыларына тұрғындардың өтініштері бойынша тапсырмалар берді.
Жеке қабылдауға келген азаматтар тұрғын үй мәселесінің шешілуін сұрады. Сонымен қатар жерді уақытша пайдалануға келісімшартқа тұру бойынша тиісті мекемеден құжаттарын ала алмағандығына шағымданды. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы, білім саласы, кәсіпкерлікке қатысты, инфрақұрылым мен жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек көрсету туралы, спорт, мәдениет, денсаулық саласы бойынша да өтініштер түсті. Созақ ауданына табиғи газбен қамту жұмысын күшейту жөнінде де ұсыныс айтылды. Ұсыныс-пікірлер мен өтініштер хаттамаға енгізілді.