ПОЛИГОНДАРДЫ СЕНІМГЕРЛІК БАСҚАРУҒА БЕРУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

160

Аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен аудандағы қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондар бойынша жиын өтті.

Жиынға әкімнің салаға жауапты орынбасары, дербес бөлім басшылары, ауыл округтердің әкімдері, мердігер мекемелердің өкілдері қатысты.

Қазіргі таңда аудан көлемінде 57 елді мекеннің 22-сінде ТҚҚ тасымалымен мердігер мекемелер айналысуда. Қалғандарында ТҚҚ тиісті әкімшіліктердің ұйымдастыруымен тасымалдануда.

Жалпы, аудан бойынша қатты қалдықтарға арналған полигон орындары үшін 7 жер телімі заңдастырылған. Алайда олардың бірқатары тұрғындардың наразылығына, тиісті құжаттардың толық рәсімделмеуіне, құрылыс жұмыстарының толыққанды жүргізілмеуіне байланысты іске қосылмаған.

Өз кезегінде аудан басшысы полигондарды қосуға қажетті құжаттарды созбалаңға салмай, тездетіп заңдастыруды, рәсімдеуді, сондай-ақ жауапты мамандарға абоненттерді түгендеуді, ТҚҚ-ды тазалау бойынша сапалы кесте түзуді, мердігерлер тарапынан арнайы қоқыс жәшіктерін қоюды қарастыруды, полигондарды сенімгерлік басқаруға беру процесін жылдамдатуды қатаң тапсырды.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі