САЙРАМДА САҒАТЫНА 20 ТОННА ЖЕМ ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ САЛЫНАДЫ

48

Сайрам ауданында жаңа жобалардың құрылысы қолға алынды. Соның бірі инновациялық технологияларды қолдана отырып, ауданда түйіршіктелген жем жасау өндірісі іске асырылады. Жобаның құрылысына жауапты мердігер компания – «Nurym Group» ЖШС биылдан бастап зауыттың құрылыс жұмыстарына кіріседі.

Аталған зауытта сағатына 20 тонна түйіршіктелген жем өндірілетін болады. Өндіріс орны жанынан арнайы зертхана мен 20 мың тоннаға дейін мал азығын сақтайтын қойма салу да жоспарланған. Алдағы уақытта зауытта 12 азамат тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Оған қоса аудандағы қасапханалардан шыққан қалдықтарды өңдеу жұмыстарын іске асыру көзделіп отыр. Сондай-ақ Сайрамдағы маңызды жобалардың бірі – биыл ет өндейтін зауыттың құрылысы басталады. Кәсіпорында күніне 1000 бас ірі қара мал сойылады деп жоспарлануда. Зауыттың өзгелерден ерекшелігі, онда қасапханалардағы шикізат қалдықтарын қоса терең өндейтін орын қарастырылған.

Айта кетейік, малдың қаны мен сүйегін, ішек-қарнын, терісін ретсіз тастаудың алдын алатын жаңа жоба 2025 жылы іске асырылады деп жоспарланып отыр. Жоба аясында 70 адам жұмыспен қамтылады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі