БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ НАҒЫЗ МЕМЛЕКЕТШІЛ ТҰЛҒА БОЛДЫ

361


Ел басқарған әкім көп. Бірақ елдің есінде қалатындары аз. Сондай әкімдердің бірі – Бердібек Сапарбаев. Бес облыста әкім, министр, вице-премьер, тағы басқа жауапты қызметтер атқарған Бердібек Мәшбекұлы қайсы лауазымда да абыройлы, нағыз мемлекетшіл тұлға бола білді. Ол үнемі күрмеуі қиын күрделі жерлерде қызмет . Соған қарамастан мәселені байыппен шешіп, қиыннан қиырға жол таба білген нағыз іскер, талапшыл, таразының басын тең ұстаған басшы бола білді.
Сондай-ақ, өз деңгейіндегі мәртебелі қызметтердің бәрін дерлік атқарған саясаткер, еліміздегі тәжірибелі кадрлардың бірі, қоғам қайраткері болған азамат.
Ол 1953 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы Бесарық ауылында туған. 1977 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітіреді. Еңбек жолын 16 жасында «Задарьинский» кеңшарында қатардағы жұмысшы болып бастаған.
Бердібек Мәшбекұлы алғаш әкім болып, 1995 жылы тағайындалды. Сол кезде 42 жаста болатын. Сыр елінде 4 жыл қызмет етіп, 1999 жылдың шілдесінен сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалады. Ол онда 2002 жылдың тамызына дейін қызмет атқарады.
Осыдан кейін ол Үкіметке ауысып, алдымен кедендік бақылау агенттігінің төрағасыболады. Кейін Қаржы вице-министрі, премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары, экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі болып, 2007 жылғы тамыздан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымына тағайындалды. Осылайша 54 жасында алғаш рет министр болып жұмысқа кіріседі.
Алайда кейін 2 жылдан кейін Шығыс Қазақстан облысының басшысы болып тағайындалады да, ел шығысында 5 жыл қызмет атқарады. Осыдан кейін бір жылға үкіметке қайта оралып, 2015 жылы ел батысына аттанады. Сөйтіп зейнет жасына бір жыл қалғанда Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысының әкімі қызметіне келеді. Ел батысында 4 жыл қызмет етіп, 2019 жылы қайтадан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымына тағайындалып, Үкімет басшының орынбасары болып жұмыс істеп үлгереді.
Дегенмен 2020 жылы 5-ші рет әкімдік жұмысқа тағайындалады. Осылайша 67 жастағы, зейнеткер Бердібек Машбекұлы Жамбыл облысының әкімі болып қызмет етеді. Ол бұл қызметті 2022 жылғы 7 сәуірге дейін атқарып, отставкаға кетеді.
Бердібек Сапарбаев- Қазақстанның саяси аренасында 45 жыл жүрген қайраткер. Ол ұзақ жылғы еселі еңбек жолында лауазымды қызметтерді абыройлы атқарып, еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өркендеуіне және өңірлерді дамытуға мол үлес қосты. Мемлекетіміздің сындарлы саясатын үлкен біліктілікпен жүргізе біліп, Қазақстанның беделі мен мәртебесінің арта түсіне қажыр-қайратын жұмсады. Азаматтық қадір-қасиетімен ел ішінде құрметке бөленді.
Әкім болды, халқына жақын болды. Елмен етене араласты. Қаншама шәкірт тәрбиеледі. Сондықтан Бердібек Мәшбекұлын «әкімдердің ағасы» деп те атап кеткен. Сондай-ақ, халық пен билік арасында «Кризис менеджер» атанған ол, қай қызметте де парасаттылықтың өнегесін көрсетті. Қай өңірге барса да, қазақ руханиятына қалтқысыз қызмет етті. Бердібек Машбекұлы 45 жылғы мемлекеттік қызметтегі жұмысы осындай жарқын сәттермен есте қалған екен. Елге еткен қызметінің арқасында «Отан», «Барыс», «Парасат», «Құрмет» және басқа да көптеген марапат иегері атанды.
Ел үшін еңбек еткен, соңына өшпес із қалдырған Бердібек Машбекұлының есімі мен жарқын бейнесі ел есінде қалды.