ТУРИСТ САНЫН 450 МЫҢНАН АСЫРУ ЖОСПАРЛАНУДА

102

Шымкент қаласының туристік әлеуеті өте жоғары. Біріншіден, қала — Қырғызстан мен Өзбекстанды Қазақстанның басқа өңірлерімен байланыстыратын ірі торап. Сондықтан үшінші мегаполисте өзіндік артықшылықтарды пайдалана отырып, бүкіл оңтүстік өңірі үшін туристік тірек орталығына айналуына барлық мүмкіндіктер бар.

Басқарма басшысының міндетін атқарушы Ерболат Оспанов туристік инфрақұрылымды дамыту, креативті индустрия, сыртқы байланыстарды нығайту және тағы басқа бағыттар бойынша атқарылған жұмыстарды қорытындылады.
2023 жылдың статистикалық есептеріне сәйкес, қала аумағына 340 413 турист келген. Аталған көрсеткіш бойынша Шымкент республика көлемінде Астана, Алматы қалалары және Ақмола облысынан кейін 4-орынды иемденіп отыр.
Осы жылға бекітілген жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін туристер санын 450 мың адамнан асыру жоспарлануда.
Сонымен қоса жылдың басынан бастап Шымкент қаласы бойынша 2 ауқымды танымдық-ақпараттық экскурсия өткізілді. Олар: Индонезия елінің NET-телеканалының делегациясы, Мәскеу қаласынан келген туристерден құралған қонақтар тобы.
Сондай-ақ, Қазақстанның Қытайдағы туризм жылының ашылуы салтанатында Шымкент қаласының стенді ұйымдастырылып, іс-шара барысында Қытай азаматтарына және сондағы қандастарымызға үшінші мегаполистің туристік, гастрономия және инвестициялық әлеуеті таныстырылды, қазақтың тұсаукесер салт-дәстүрі қатысушыларға көрсетілді.
Шымкентте туризмді дамыту мақсатында қаладағы инфрақұрылымдарға мониторинг жүргізіліп жатыр. Яғни сырттан турист келгенде қандай жерлерге барады дейтін мәселеге ерекше көңіл бөлінуде.
Е.Оспановтың айтуынша, мегаполисте қазір жүзге жуық туристік нысан бар.
– Биыл да бірқатар іс-шаралар, жобалар қолға алынады. Атап айтқанда, Сайрам тұрғын алабын дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Жоспарға сәйкес Қаратау ауданы әкімдігімен бірлесе 2024-2025 жылдар аралығында жылына 80 мыңнан аса зияратшы келетін нысандар – Ибрагим ата және Қарашаш ана кесенелерін абаттандыру көзделген. Турист тартатын тағы бір көрнекі іс-шара – ресторандар жәрмеңкесі. Наурыз айында өтетін «ДәмДәсTour» фестивалін үшінші мегаполистің жыл сайынғы дәмді мерекесіне айналдыру жоспары бар. Бұл қаланың туристік әлеуетін дамытуға оң септігін тигізеді. Сондай-ақ, Шымкент қаласы гастрономиялық орталық деген ұғымды дәлелдей түссек деген ниет бар, – дейді Ерболат Мырзалыұлы.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА