ТҮРКІСТАН: ДІНИ-ЭТНИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫ БОЙЫНША ЭТНОС ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Өңірімізге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы» КЕАҚ Дінтану зерттеулер департаментінің жетекші менеджерлері Гүлмира Сағынбек және Рамазан Ғабыжалил іссапармен келді.
Департамент өкілдерінің сөзінше, «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы» еліміздегі діни-этникалық фактордың өзара ықпалдастығына байланысты зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Аталған зерттеу жұмыстары аясында өңірлерде сарапшылық кездесулер ұйымдастырылып, тереңдетілген сұхбаттар жүргізу жоспарланған. Бұл зерттеу жұмыстары 2024 жылдың наурыз-маусым айларының аралығын қамтиды.
Осы орайда, Астанадан келген зерттеуші мамандар «Басқармалар үйінде» Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары және мүшелерімен кездесті. Жиынға өңірдегі өзбек, түрік, тәжік және татар этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева өңірімізде қоғамдық келісімді нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен Президенттің Ассамблея сессиясында жүктеген тапсырмаларының орындалу барысына тоқталды.
Басқосуда еліміздегі діни-этникалық фактордың өзара ықпалдастығы бойынша этномәдени бірлестіктердің өкілдері ой-пікірлерін ортаға салып, пікір алмасты.
Кездесуде департамент өкілдері өздерінің жоспарларын баяндап, жиынға қатысушыларға алғыстарын білдірді.
Бүгінде өңірде 50-ден аса этностың өкілдері бір шаңырақ астында бейбітшілікте, тату-тәтті өмір сүруде. Облысымызда 11 этномәдени бірлестік жұмыс істеуде. Олар мемлекеттің өркендеуіне үлес қосып, қазақстандық толеранттылық үлгісін көпке паш етуде.
Еске сала кетсек, Президент тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда Түркістанда «Достық үйі» ғимаратының құрылысы қызу жүріп жатыр. Аталған нысан биыл күзде пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.