ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ӘЗІРБАЙЖАН ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІ 2,5 МЛН ТЕҢГЕГЕ ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ЖІБЕРДІ
«Күшіміз бірлікте» деген ұстанымды тірек еткен түркістандықтар күн сайын су басқан өңірлердегі зардап шеккендерге көмек көрсетіп, өз үлестерін қосуда.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» акциясы аясында Түркістан облысы ҚХА жанындағы әзірбайжан этномәдени бірлестігі су тасқынынан зардап шеккендерге 2,5 млн.теңгеге азық-түлік жіберді.
— Әр игі ісіміз бен қайырымдылық жолындағы әрекетіміз өміріміздің мәнін арттыра түседі. Бүгін жиналған гуманитарлық көмекті су басқан өңірлерге жіберу арқылы қайырымды әрекет жасап қана қоймай, қиын жағдайға тап болған жандарға үміт сыйлап, қолдауымызды көрсеттік. Бұл бастамамыз зардап шеккен отбасылардың қиындығын аз да болса жеңілдетуге, бұл жағдайды жеңіп шығуға күш береді деп сенеміз, — деді Түркістан облыстық «Гарабах» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің жетекшісі Рамилия Мустафаева.