ШЫМКЕНТТЕ 5G СТАНЦИЯЛАРЫ ОРНАТЫЛАДЫ

241

Шымкент қаласында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында шалғай орналасқан елді мекендерді сапалы интернетпен қамту жұмыстары қарқынды жүзеге асуда. Өткен жылдың өзінде мобильді операторлармен бірлесе қаладан шалғай орналасқан 14 елді мекенге антенна-мачталық құрылғы мен базалық станция орнатылған болатын.
Қойылған құрылғылар арқылы 71 мыңға жуық қала тұрғынына сапалы интернет желісі қолжетімді болды. Олар: Асар, Ақниет, Тұран, Азат, Ынтымақ-2, Игілік, Шапағат, Достық (автоцон), Ақжар, Ақтас және Ақжайық шағынаудандары.
Ал, биыл мобильді операторларымен бірлесе интернет сапасы төмен 29 нүктеге базалық станция орнату көзделіп, қазір келісім жүргізіліп жатыр.
Қалалық цифрландыру басқармасының мәліметінше, жуырда шаһар орталығына 5G технологиясымен 10 базалық станция орнатылмақ. Қазіргі сәтте станция қойылатын нүктелер анықталып, құрылғылар орнатылуда. Алдағы екі айда монтаж жұмысы аяқталып, жоғары жылдамдықтағы интернет іске қосылады.