БІРЛІК ПЕН ЕҢБЕКТІҢ АРҚАСЫНДА ТУҒАН ЖЕРІМІЗДІ ЖАСЫЛ АЙМАҚҚА АЙНАЛДЫРАЙЫҚ!

80

Түркістан облысына қарасты аудан, қалаларда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өтіп жатқан «Таза өлке» апталығында абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей қадағалауында.

Игі бастамаға Сауран ауданы да белсенділік танытуда. Аудан бойынша көгалдандыру, ағаштардың түбін қопсыту, отырғызу орындарын дайындау, сырт келбетін көріктендіру бойынша жұмыстар жоспарға сәйкес атқарылуда. Наурыз айында Сауран ауданына қарасты 12 ауылдық округтің ішкі көшелерінің бойы мен іскерлік аумақтарға 25 мың түп қарағаш пен үйеңкі отырғызылды. Сонымен қатар Шорнақ мешітінің 3,5 гектар аумағына 1000 түп жеміс ағашы егілді. Алдағы уақытта тағы 26 мың түп ағаш көшетін егу жоспарлануда.

Науқан 5 аптаға созылады. 6 сәуірден басталған игі шара 11 мамырға дейін жалғасын табады. Одан кейін осы жұмыстарды дағдыға айналдыру көзделген. Әр аптаның өзіндік атауы мен нақты мақсаттары бар. 6-13 сәуір аралығында «Таза өлке» апталығы өтсе, 13-20 сәуір аралығында – «Киелі мекен», 20-27 сәуір аралығында – «Жасыл аймақ», 27 сәуірден 4 мамырға дейін «Өнегелі ұрпақ» апталығы, 4 мамырдан 11 мамырға дейін «Мөлдір бұлақ» апталығы өтпек. Жұмыстар қарқынды жалғасады.

Жалпы әр күн, әр ай тазалық күні, тазалық айы болуы тиіс. «Таза Қазақстан» акциясы – бұл ұжымдық рухты, бірегейлікті, ауызбіршілікті көрсететін керемет шара. Өзі тұратын жерге жаны ашып, оның тазалығына көңіл бөлу – азаматтық парыз. Әр адам аталмыш тазалық акцияға кішкене де болса атсалысып, үлесін қосса тазалыққа деген жауапкершілігі де арта түседі. Қоршаған ортамыздың таза да әдемі болуы өз қолымызда. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына барша қазақстандықты үлес қосуға шақырамын.

Икбол Абишев,

Сауран аудандық өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары