ТАЗАЛЫҚ ТУҒАН ЖЕРДЕН БАСТАЛАДЫ

103

Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде бес апталық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталып, оның алғашқы апталығы «Таза өлке» деген айдармен жарияланды. Іле-шала Түркістан облысының табиғат жанашырлары өздері тұрған елді мекендерді жасыл желекке айналдыру мақсатында белсенді түрде тал отырғызу мен тазалық жұмыстарына кірісіп кетті.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков «Түркістан Болашақ» жоғары көпсалалы колледжінің студенттері және зиялы қауым өкілдерімен «Белсенді демалыс» саябағында кездесіп,онда өңір басшысы өзінің «Таза Қазақстан» экологиялық акцияға қолдау білдіріп облыс тұрғындарына үндеу жасағандығын айтып,оның мазмұны мен мақсатын түсіндіріп берді.

Отаншылдық – тазалықтан басталатынын, ағаш егіп, туған жердің тазалығын сақтау, табиғатын қорғау әрбір адамның міндеті екенін жеткізе келіп,өңір басшысы:

«…Мақсатымыз – тазалық сақтау, ағаш, гүл егуді өмірлік дағдыға айналдыру. Осы салаға жауапты қызметтерге, басқармаларға, аудан, қала әкімдеріне, коммуналдық мекемелерге нақты тапсырмалар берілді. Арнайы техникалар, ресурстар бөлінді. Біз «Таза Қазақстан» акциясы аясында Түркістанымызды одан сайын түрлендіре түсеміз! Оған мүмкіндігіміз жетеді.

Республикалық «Таза Қазақстан» акциясының мақсаты — экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың, жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту.

«Табиғат — ел байлығы» демекші, мемлекет дамуы үшін табиғатқа деген құрмет болуы тиіс. Қоршаған ортаны қорғау арқылы Отанға деген патриоттық сезім оянады. Сондықтан, біз өз ортамызды, көшемізді, ауылымызды, қаламызды таза ұстауымыз керек. Арықтарды тазалап, бұлақ көздерін ашу – міндетіміз! Осы бағытта жұдырықтай жұмылып жұмыс істейміз деп сенемін!…

Ендеше, барша Түркістан өңірінің тұрғындарын осы акцияны қолдауға шақырамын! Бірлік пен еңбектің арқасында Түркістанымызды жасыл аймаққа айналдырайық!»,- деді.

Кездесуден соң Дархан Сатыбалды мен Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков акцияға қатысушы колледж студенттері және зиялы қауым өкілдерімен бірлесіп,көктемгі талдардың көшеттерін отырғызды.

Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ,

Түркістан облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі және ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы