ТҮРКІСТАН МЕН ЧЖЭНЧЖОУ ҚАЛАСЫ АРАСЫНДА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ

223
Түркістан облысына Қытайдың тарихи әрі экономикалық орталықтарының бірі, өндірісі дамыған Чжэнчжоу қаласынан делегация келді. Түркістан облысынның әкімі Дархан Сатыбалды делегацияны қабылдап, Чжэнчжоу муниципалды халық үкіметінің вице-мэрі Ху Цянмен келіссөздер жүргізді. Өңір басшысы Түркістан қаласының қазақ және түркі әлемі тарихындағы маңызына тоқталып, экономикалық әлеуетімен таныстырды. Инвестиция тартуға, өндіріс орындарын көбейтуге мүдделі екенін жеткізді.
– Түркістан облысы үлкен инвестициялық, сондай-ақ туристік әлеуетке ие. Облыс арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Сонымен қатар сауданы дамытудың мүмкіндігі өте зор. Біріншіден, жеңіл өнеркәсіп саласында жіп, мата және кілем өндірісімен тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі жоғары. Сондай-ақ пластикалық ойыншықтар, ыдыстар, автомобиль жасау, электроника, цифрлық технологиялар және бұйымдар өндірісін дамытуда үлкен әлеует бар. Индустриалды және «Turkistan» арнайы экономикалық аймағында инвесторларға дайын инфрақұрылымы ұсынылады. Екіншіден, агроөнеркәсіптік кешені саласында мүмкіндігіміз өте жоғары. Туризм саласында да саяхатшыларды қызықтырар орындар көп. 2018 жылдан бастап облысқа шамамен 5,8 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Біз өз тарапымыздан қытайлық компаниялардың бизнесті дамыту жөніндегі бастамалары бойынша әріптестік орнатуға дайынбыз. Ең бастысы, өңірімізде еңбекқор халық бар, – деді Дархан Сатыбалды.
Чжэнчжоу муниципалды халық үкіметінің вице-мэрі Ху Цян екіжақты әріптестікті тереңдетуге, өңірге, Түркістан қаласына инвестиция салуға ниетті екенін айтты.
– Бүгінгі кездесуге қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Чжэнчжоу да Түркістан сияқты тарихи аймақтардың бірі. Қытайдағы тарихи маңызы бар 8 қаланың қатарына енген. «Қытай туралы білгің келсе, Чжэнчжоуды зертте» деген сөз бар. Бұл қала алғашқы ақшаның, кун-фудың Отаны саналады. Әлемдегі әрбір 8 ұялы телефоннның біреуі біздің қалада шығарылады. Құрлық, теңіз, әуе жолдарында да сауда-экономикалық мүмкіндігіміз жоғары. Өндіріс, ауыл шаруашылығы, машина жасау және өзге де салалар қарқынды дамыған. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолының Қытайдағы аялдамасы біздің қаладан басталады. Аймағымыздан батысқа қарай жүк көліктері тауар толтырып кеткенімен, бос қайтып жатады. Біз осы олқылықты жойғымыз келеді. Сауданы дамытып, бізге қажетті ауыл шаруашылығы өнімдерін және өзге де қажетті тауарларды алуға мүдделіміз, – деді ол.
Дархан Сатыбалды екіжақты байланысты нығайту, жобаларды жүзеге асыру, ІТ саласында тәжірибе алмасу, Түркістандағы әуежайдың логистикалық әлеуетін пайдалану, әуе рейсін ашу және өзге де мәселелер бойынша әріптестік орнатуға дайын екенін айтты.
Кездесу соңында Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен Чжэнчжоу муниципалды халық үкіметінің вице-мэрі Ху Цян Түркістан мен Чжэнчжоу қалалары арасындағы әріптестікті, байланысты нығайту жөніндегі Меморандумға қол қойды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі