ТҮРКІСТАН: ҚХА ЖАНЫНДАҒЫ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІ «AYKAN» КӘСІПОРНЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

83

Бүгін Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің аудан, қалалардағы төрағалары еліміздегі бірегей кәсіпорындардың бірі, сүтті өңдеу және сүт өнімдерін өндіруші «AYKAN» ЖШС-нің жұмысымен танысты.

Аталған кәсіпорын Түркістан облысының Сайрам ауданы, Ақсукент ауылында орналасқан.

«AYKAN» ЖШС еліміздегі брендке айналған «Эмир» және «Elita» ірімшік өнімдерін өндіреді. Кәсіпкерлерлік саласындағы Президенттің жыл сайынғы «Алтын сапа» сыйлығын иеленген болатын.

Мекеме директоры Алмагүл Айқанның сөзінше, кәсіпорында 80 адам еңбек етеді. Өндірістік қуаты күніне 100 тонна сүтті өңдей алады. Басты ерекшелігі мен құндылығы – өнімдердің сақталу мерзімін ұзарту үшін тұрақтандырғыштарды қолданбайды.

— Біздегі барлық өнім табиғи түрінде сатылады. Ал шикізат көзі болып табылатын сүттер Сайрам және Төле би аудандарынан сатып әкелінеді. Бәрі жергілікті халықтан алынады және экологиялық таза өнімдер. Бүгінде компания өнімдері еліміздің барлық аймақтарында базарлар мен сауда орындарының сөрелерінде A, B, C категориялары бойынша сатылымға қойылған, — деді кәсіпорын басшысы.

Аз ғана уақытта кәсіпорын Қазақстан нарығында жоғары сұранысқа ие бола білді. Кәсіпорын былтыр «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы республикалық кезеңінің дипломанты атанған.

Кәсіпорынды аралаған ақсақалдар сапар соңында зауыт ұжымына ризашылығын білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің баспасөз қызметі