«ҒАЛЫМДАР КЕҢЕСІ» ҚҰРЫЛДЫ

79

Елімізде 12 сәуір ғылым саласы қызметкерлерінің күні болып бекітілгені белгілі. Бұл күні Ғылым академиясының тұңғыш президенті, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтбаев дүниеге келген. Қазақтан шыққан тұңғыш академиктің ғылымның әр саласында жолын қуған ізбасарлары аз емес. Ел ғылымының дамуына зор үлесін қосып келе жатқан ғалымдарымыз мемлекетіміздің мақтанышы һәм болашағы.

Ғылым қызметкерлерінің күніне орай Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы «Ғылымды дамытатындар – ғалымдар» атты жиын өткізді. Оған Х.Тұрсұн, Д.Кенжетай, М.Тұяқбаев, Ж.Күнпейіс, М.Қожа, М.Әліпхан, Н.Мансұров, М.Тастанбек және Б.Адырбек сынды  ғалымдар қатысты. Жиынның мақсаты – кітапхананың ғылыми мәні мен мазмұнын дамыта отырып, ғалымдардың арасындағы, ғалым мен оқырман арасындағы байланысты нығайту, оқырманды ғылым-білімге шыңдау жолында ғылым қызметкерлерінің еңбектерін насихаттау. Іс-шараның негізінде ғалымдардың еңбегін насихаттау үшін бірқатар жоспарлар түзілді.

Басқосуда кітапхананың ғылыми әлеуетін дамыту бағытында ғалымдар тарапынан көптеген ұсыныстар айтылды. Кітапхана әлеуетінің басты нысанасы, басты құндылығы – қоғам, оның ішінде оқырманға ұсынылатын ақпараттың дұрыс бағытта болуы, ғылымды дамытудағы бірлескен жұмыстар. Осы орайда, ғылым қызметкерлерінің ғылыми бағытты дамытудағы ұсыныстарын ескере отырып, адами әлеуетті дамыту мекемелерімен, білім ошақтарымен етене жұмыс істеуін жандандыру, мектеп оқушылары мен студенттерді ғылымға тарту мәселелері сөз болды.

Ғалымдар тарапынан айтылған ұсыныстар мен пікірлер қоғамдық сананың дұрыс бағытта қалыптасуына, оқырманның ғылым-білімге құштарлығының артуына зор серпін бермек. Іс-шара аясында кітапхана жанынан «Ғалымдар кеңесі» құрылды.

 

Динара Берікқызы,

облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы

ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі.