ЖЕҢІС КҮНІ АТАП ӨТІЛДІ

350

Бүгін аудан орталығындағы “Ардагерлер аллеясында” Жеңістің 79 жылдығына арналған мерекелік шара өтті. Оған аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, тыл ардагерлері, зиялық қауым өкілдері, әскерилер, жастар және аудан тұрғындары қатысты.

Шарада аудан басшысы мер қатысушылар “Даңқ мемориалының” алдындағы мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ Отан үшін отқа түскен боздақтар құрметіне бір минуттық үнсіздік жарияланды.

Негізгі рәсімдерден аудан әкімі Нариман соғыс және тыл ардагерлерін, аудан жұртшылығын мерекемен құттықтап, сөз сөйледі.

Құрметті аудан тұрғындары!

Қадірлі жерлестер!

Сіздерді 9 Мамыр — Ұлы жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!

9 Мамыр-Отан үшін от кешкен боздақтардың айбыны мен абыройын, жеңісті жақындату үшін тер төккен тыл еңбеккерлерінің ерлігі мен елдігін паш етіп, бейбіт күннің бесігінде тербелген ұрпаққа ерліктің ерен үлгісін көрсететін ерекше күн. Бұл мерекені бүгінде төрткүл дүниенің түкпір-түкпірі бейбітшілік мерекесі ретінде тойлауда.

Бүгінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары саусақпен санарлықтай ғана қалды. Миллиондаған адамның жанын қиған сұрапыл соғыс жыл санап тарихтың қойнауына бойлап бара жатса да, оның қаһарлы сызы ешқашан ұмытылмайды.

Халқымыздың батыр ұлдары мен қыздарының майдандағы ерліктері бізге үлгі тұту барлығымызға ортақ міндет.

Отан үшін жан қиғандарды еске алып, олардың рухтарына бас иіп, тағзым ету-бүгінгі ұрпақтың мәңгілік парызы болып қалу керек.

Құрметті жерлестер!

Ұлы Отан соғысына Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар қазақстандықтар да қатысты. Соңғы деректер бойынша елімізден майданға 1 млн 200 мыңдай жауынгер аттанып, олардың 600 мыңға жуығы соғыстан қайтып оралмаған. Отан үшін отқа түскендердің қатарында ордабасылық азаматтар да көп болды. Төрт мыңға жуық жерлесіміз соғысқа аттанса, олардың дені елге оралды.

Майданда көрсеткен ерліктері үшін жерлестеріміз Берген Исаханов, Бейсен Оңтаев, Сыдық Исмайлов, Қарсыбай Спатаев Кеңес Одағының батыры атанды.

Біз оларды мақтан тұтамыз және ерліктері ешқашан ұмытылмайды.

Бүгінгі таңда ауданымызда көзі тірі Ұлы Отан соғысының бір ғана ардагері тұрып жатыр. Ол — Қалмен Мұратұлы. Қазыналы қария осы жылдың ақпан айында 100 жасқа толды.

Жеңіс үшін қолына қару алған

қарт майдангеріміздің дені сау болсын деп тілейміз!

Бұл күн бәріміз үшін айрықша қымбат, қасиетті мереке.

Осы орайда сіздерге шын жүректен бақыт пен татулық, әрбір отбасына ізгіліктер мен игіліктер тілеймін. Ардагерлеріміздің дені сау болсын. Мереке әрдайым қуаныш пен бейбіт күн әкеле берсін!

Шарадан кейін аудан әкімі Қажымұқан ауылдық округінің тұрғыны, тыл ардагері Қуаныш Керімқызының шаңырағына барып, сый-құрмет көрсетті.