«АҚ БҰЛАҚ» ПАТРИОТТЫҚТЫҢ ЕРЕН ҮЛГІСІН КӨРСЕТТІ

91

Өзінің кәсіби, қызметтік міндетіне жататын жұмысын жауапкершілікпен, тиянақтылықпен атқарған адам қашанда мақтауға лайық. Бірақ, елдің, қоғамның игілігі үшін өз міндетіне кірмейтін жұмысты да атқара беретін ізгі жандар бар. Сауап үшін істелетін осындай жұмыстарға бар ынта-ықыласымен кірісіп, сол жолда табандылық танытатын адамдарды нағыз патриоттар деп айтуға әбден болады.  Түлкібас ауданы, Қарағашты ауылында орналасқан «Ақ бұлақ» оңалту орталығының ұжымы осындай табандылық пен патриоттықтың тамаша үлгісін көрсетіп келеді.

Иә, бүгінде мемлекет медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Мемлекет басшысы өз Жолдауларында Үкіметке медициналық қызметтің сапасын жақсартуды міндеттеп келеді. Президент ауруханада емделіп шыққан пациенттің қайта ауырып қалуының алдын алу мақсатында оңалту орталықтары жұмыс істеу керектігін айтқан болатын. Нәтижесінде, елімізде соңғы жылдары бірқатар оңалту орталықтары ашылды.

Солардың бірі – «Ақ бұлақ» облыстық балаларды оңалту орталығы. Мұнда 3 пен 18 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсетіледі. Барлығы 175  (85 неврологиялық және 90 ортопедиялық) төсек-орны бар. Жоғарыда айтқанымыздай, мемлекет мұндай орталықтардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға кезең-кезеңімен қаржы бөлуде. Бірақ, «Ақ бұлақ» орталығының қызметкерлері мемлекеттің қашан қаржы бөлетінін күтіп отырмай, өздері ақша жинап, көпшіліктің Рамазан айындағы пітір-садақаларының басын қосып, одан қалса демеушілерді де тарта отырып орталықтың ішінен емдік дене шынықтыру кабинетін, ойын бөлмелерін және музыкатерапия бөлмесін жасақтап шықты.

Түркістан облысында 11 мыңға жуық мүгедек бала бар екенін, оның 30 пайызы жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан ерекше балалар екенін, олардың білікті оңалту қызметіне зәру екенін ескерсек, «Ақ бұлақ» орталығы қызметкерлерінің бұл ісі қоғамға қаншалықты пайдалы екенін түсінесіз. Мемлекеттік органдар үлгере алмай жатқан осындай маңызды жұмыстың бір шетін өз күштерімен атқарып жатқан мұндай берекелі ұжымның әрбір қызметкерін шын патриот деп айтсақ, ағаттық бола қоймас.

Білікті дәрігер, іскер басшы Нұрхан Нарымбетованың ұйымшыл ұжымы арнайы мектеп кабинеттерін де өздері безендіріп, бір бөлмені аспан ғаламшарларымен көркемдеп, телескоп аппаратын қойып, балалардың қиялына ерік беретіндей мүмкіндік сыйлады.

– Біз бұл бастаманы біраздан бері ойлап жүргенбіз. Ем алуға келген балаларды оңалтудың амалы – өмір сүруге құлшынысын арттыруға тырыстық. Түрлі кабинеттер ашып, баланың зейінін көтеруге мүмкіндік сыйладық деп ойлаймын. Біздің орталыққа келген балалар 18 күн ішінде білім де алып, жан-жақты дамиды деген сенімдемін. Сонымен қатар, ұжымдағы барлық қызметкерлерге шексіз ризашылығымды білдіремін. Сырттан адам шақырмай, барлық істі жұмыла атқардық. Ойымдағыдан да керемет дүниелер шықты, – дейді оңалту орталығының басшысы.

Ұжымның кезекті қуанышын бөлісуге өзге аймақтардағы әріптестері де арнайы келген. Түркістан облыстық балаларды оңалту орталығының басшысы Айдар Шнетов, Кентау қаласындағы «Жансая» балаларды оңалту орталығы басшысының орынбасары, денсаулық сақтау басқармасының Түркістан облысы бойынша штаттан тыс балалар реабилитологы Мариям Парманова мен облыстық «Сары-ағаш» балалар шипажайының басшысы Еркін Нұрлыханов бастаған азаматтар ұжым жұмысына сәттілік тіледі.

Орталықта математика, қазақ тілі және әдебиеті, орыс тілі және әдебиеті, Қазақстан тарихы, жаратылыстану, география пәндері оқытылады. Математика пәні 1-4 және 5-11-сынып оқушыларына Qalan.kz математикадан интерактивті онлайн порталы арқылы өткізілуде. Аталған порталдың негізін қалаушы Асқар Болат порталды бір жылға тегін пайдалануға демеушілік көрсетті.