ТҮЛКІБАСТЫҚ ТҮЛЕКТЕР ТАҒЫ ДА БІР МҰҚТАЖ ОТБАСЫҒА БАСПАНА СЫЙЛАДЫ
Бүгін түлкібастық түлектер тағы да бір отбасын қуанышқа бөледі. Игі дәстүрді жалғаған Абай атындағы білім ошағы мен Б.Садықов және Ломоносов мектебінің 20 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектері бірігіп, мұқтаж отбасыға аудан орталығынан 5 бөлмелі қорасы мен сарайы қарастырылған баспана сыйлады.
Игі шараға аудан әкімінің орынбасары М.Жанесен округ әкімі Қ.Ахметов, ардагер ұстаздар мен аталған білім ордаларын бітірген түлектер сөз сөйлеп, баспаналы болған жас отбасыға ыстық лебіздерін білдірді. Ауданымыздың бас имамы Серік Мағазы да сауапты іске мұрындық болған жандарға ризашылығын білдірді. Жиында өмірден өткен сыныптастар рухына құран бағышталды.
Ортадан ақша жинап 10 млн теңгеден астам қаражат жинап, соның 9 млн теңгесіне үй алған. Содан соң толық жөндеуден өткізіп, ішін қажетті жиһаз-техникалармен жабдықтап беріп отыр. Сауапты істі ұран қылған түлкібастықтар бұл жолы үйді сол үйдің ауласында құдайы ас беріп, Абдулаевтар отбасына табыстады. Жас отбасы осы кезге дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген.
Шара соңында «Мұқтаж жанға көмек беру, қайырымдылық жасау – ата-бабамыздан бізге мұра болып қалған асыл қасиет» деп санаған 2004 жылғы мектеп түлектері дәстүр бойынша эстафетаны 2005 жылғы түлектерге табыстады.
Еске сала кетейік, осыдан 7 жыл бұрын Түлкібас ауданының Абай атындағы мектеп-лицейінің мектепті бітіргендеріне 20 жыл толған түлектері тұрғын үйге қол жеткізе алмай жүрген көпбалалы отбасыға үй сыйлаған болатын. Осылайша киелі құт мекенде көпшілікке үлгі боларлықтай игі істер өз жалғасын табуда.