БАЛА – БАҚЫТ, БАЛА – ШАТТЫҚ, БАЛА – НҰР

96

Бала бақытты болу үшін жаралған. Адам өмірінің мәні мен сәні – өсіріп отырған ұрпағы. Бүгінгі ерке құлыншақтар – еліміздің ертеңі мен болашағы. Келер күннің айнасы.

Шымкентте балалар мерекесі «Арбат» демалыс аймағында өнерлі өрендердің шеруімен басталды. «Балалық шақтың мекені» атты ертегі кейіпкерлері шеруінің ұйытқысы – Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры. Шеруге Оқушылар сарайының барабаншылар тобы, Саз колледжінің үрмелі және ұлт аспаптар оркестрі, Қуыршақ театрының қуыршақтары, сондай-ақ, қаладағы 6 театрдағы ең керемет балалар персонаждары қатысты.
Қызықты репертуар, музыкалық аспаптардың алуандығы, шығармалардың түпнұсқада орындалуы, бірнеше түрдегі музыкалық қызметтің бірігуі – сазды-театрландырылған шеру мерекелік көңіл-күй тудырып, әсерге бөледі. Шеру Орталық саябаққа дейін жалғасып, қала жұртшылығына ерекше мерекелік сезім сыйлады.
Ал, Орталық саябақта «Бақытты балғын шақ – жарқын болашақ» мерекелік іс-шарасы ұйымдастырылды. Іс-шараға қала әкімі
Ғабит Сыздықбеков, Білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева арнайы келіп, балалардың өнерін тамашалады. Қала тұрғындарымен суретке түсіп, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады.
Орталық саябақ әсем ән мен күмбірлеген күйге, балалардың шат күлкісіне толды. Көркем киінген, бұралып би билеген бүлдіршін қыздар да мерекенің шырайын келтірді.
«Баланы сұлу өнермен терең таныстыру керек. Бала неше түрлі сұлу үндерді естісін, неше түрлі түстерді көрсін, сұлу сөздер, сұлу өлеңдер жаттасын. Сонда ғана сұлулық сезімдері өркендейді» деп Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев айтқандай, бұл күні Орталық саябақта сұлу өнер патшалық құрды.
Бұл мерекелік шарада «Бақытты балалық шақ» мерекелік композициялық флэшмобы, Көркемсурет өнер мектептерінің оқушылары мольбертте «Бақытты балалық – жарқын болашақ» тақырыбында сурет салып, домбырашылар күй тартып, «Айгөлек» би ансамблі би билеп, жас өнерпаздар өз өнерлерін көрсетіп, халықтың қошеметіне бөленді. Қаладағы өнер мектептерінің жас суретшілерінің суреттері мен қолөнершілерінің бұйымдарынан көрме ұйымдастырылып, түрлі-түсті бояулар саябақ түсімен үндесті.
Мерекеге қала мектептерінен 1300-ге жуық бала қатысты. Өнерлі балалар концерті қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА