ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – ҚОҒАМДЫ ҰЙЫСТЫРАДЫ

222

Бүгін Шымкенттегі «Достық үйінде» «Ассамблея жастары» ұйымы қалалық филалының бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды іске асыру мақсатында «Жалпыұлттық құндылықтар – қоғамды ұйыстырады» тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті.

Филиал жетекшісі Нұрболат Мейірбеков өз сөзінде ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдар тапсырмалардың сапалы орындалуына үлес қосуы қажет екенін айтты.

– Бірлігімізді көрсететін игі істен әрбір қоғам мүшесі шет қалмауы тиіс. Әсіресе ұлтымызды ұйыстыратын құндылықтарды қоғамға дәріптеу, бірлік пен татулыққа негізделген жалпыұлттық міндеттерді жүзеге асыру аясындағы жоба-жоспарларды жүйелі іске асыруымыз керек, – деді Н.Мейірбеков.

Мәжілісте қалалық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топ жетекшісінің орынбасары Қ.Анарбаев «Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысы мен Қазақстан халқы Ассамблеяның ХХХІІІ сессиясында айтылған құндылықтар – қоғамды ұйыстырады», қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Ю.Пан «Игі істер – бірлігімізді бекемдейді», қалалық ҚХА жанындағы журналистер мен блогерлер клубының мүшесі М.Серікбаев «Ассамблеяның әлеуетін арттыру – ортақ міндет», «Ассамблея жастары» ұйымы қалалық филиалы төрағасының орынбасары М.Нышан «Жаңа жобалар – жастарды біріктіруі тиіс» тақырыбында сөз сөйлеп, қоғам мүшелерін игі іске жұмылдыру жайында ой-пікірлерімен бөлісті.

Айта кетейік, жиынға қалалық ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, ғылыми-сарапшылық топ пен журналистер мен блогерлер клубының мүшелері, «Ассамблея жастары» ұйымы филиалының белсенділері, қалалық этномәдени бірлестіктер төрағаларының жастар бойынша орынбасарлары қатысты.