«ҰРПАҒЫ БІЛІМДІ ХАЛЫҚТЫҢ БОЛАШАҒЫ БҰЛЫҢҒЫР БОЛМАЙДЫ»

136

Қазіргі заман – білімділердің заманы. Жас ұрпаққа саналы, мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру — бүгінгі күннің талабы. Қазіргі таңда мемлекет алдында тұрған ең үлкен мәселелердің бірі осы – сапалы білім беру болып тұр.

Сондықтан елімізде жас ұрпаққа жан-жақты білім беру, тәрбиелеу ісінде ұстаздарға осындай үлкен ұлы міндет жүктеліп отыр. Білім негізі мектепте қаланатын болғандықтан, оқушының жеке тұлғалық күшін дамыту, оның шығармашылық мүмкіндігінің дамуы басты рөл атқарады. Олай болса, қазіргі ұстаздар қауымының алдындағы үлкен мақсат – өмірдің барлық саласында белсенді, шығармашылық іс-әрекетке қабілетті, еркін және жан-жақты жетілген, білімді, дағдыларды меңгеретін, шығapмaшылық бaғыттa жұмыс iстeйтiн, тың жаңалықтар ашатын, біртума ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру және тәрбиелеу. Жаңа буынға сапалы білімді бере отырып, оларды келешегі кемел, жарқын болашақпен қамтамасыз ете аламыз.
Мемлекет басшысы «Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерімізді сіңіруіміз керек» деді.
Жас ұрпаққа жаңа заманға сай білім мен тәрбие беру аз, ұлттық рухпен сусындата тәрбиелеу де – ұстаздар мен ата-ананың міндеті. Бағзы заманнан ата-бабадан беріліп келе жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүр, тіл мен мәдениетті бала бойына сіңіріп өсуі керек. Бұл дегеніңіз – ұлтының мүддесін қорғап, жоғын түгендейтін, барын қастерлейтін рухы мықты ұрпақ тәрбиелеу деген сөз. Рухы мықты ұрпақ қай ел, қай жерде жүрсе де ұлтының сөзін сөйлеп, өзгелерге намысын таптатпайды, тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін қызмет етеді.
Қайсар рух пен қара күшті қару етіп, еркіндік үшін күрескен бабаларымыздың ерлік жолындағы күресі бүгінгі таңда айбыны аспан тіреген тәуелсіздік тұғырын биіктетті. Қазіргі таңда жаңа көзқараспен қарайтын жалынды жастар еліміздің жаңару үдерістеріне белсене қатысып келеді. Алысқа қол сермеп, әлемдік деңгейдегі ұстанымды игеріп, келешектің кілтін өз қолдарына алуда. Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамымызда өз орнын табуы қажет. Біздің әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы қарқынымыз, жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі ұстанымына, олардың ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланысты. Ендігі кезекте тәрбие мазмұны мен жастарды тәрбиелеу ісіне, олардың дүниетанымын қалыптастыру және ақпараттық-саяси мәдениетін көтеруге баса көңіл аударуға тиіспіз.
Қазақ жастары өздерін ұлтжандымын деп ұғынып, өн бойларында ұлттық намысын жоғары қою керек. Еліміздің бейбіт аспанында қазақ жастары тәуелсіз елдің айқын мақсаттарымен жігерленіп, тек қана алға ұмтылуы үшін жұмыс істеуге тиіспіз. Ел сенімін, үмітін ақтау – жастардың қолында.

Аманбек АХМЕТБАЕВ,
Білім саласының ардагері, ардақты ұстаз