ОТБАСЫН ҚҰРУ ЖАУАПТЫ ҚАДАМ

80

«Отан отбасынан басталады» деген ата-бабамыздан қалған ұлағатты сөздің мән-мағынасы өте тереңде жатыр. Тереңірек үңіліп, ақылмен ойланып қарайтын болсақ, әрбір отбасы өз алдына жеке бір Отан. Сондықтан да әрбір адам өз теңін тауып, жеке бір Отан құруға әбден лайық. Бірақ отбасын құру, неке ол бос қиялдар емес. Ол үлкен жауапкершілік. Сол себепті, неке теңізіне секірмес бұрын, шыдамдылық мұхитына ие болу керек.

Неке қиып отбасылы болу арқылы адам өз мойнына үлкен жауапкершілік алады. Сондықтан, бұл нәрсе екі жастың әуелі имам мен куәгерлердің алдында сөз байласып, тілдерін кәлимаға келтіріп, серттесу рәсімімен бастау алды. Неке қиып, үйленер алдында екі жақтан да ниеттің дұрыс болуы маңызды. Себебі, некеге бей-жәй қарамай, оның мәңгі бақи қиылатынына дұрыс мән берген жөн.

Отбасы – қоғамның ең маңызды құрылымы. Сондықтан  ислам дінінде отбасына көп көңіл бөлінеді. Отбасында ең алдымен сыйластық және сенім болуы керек. Себебі сыйластық пен сенімділіктен асқан махаббат жоқ. Егер осы қасиеттер екі жақтан да болса, ерлі-зайыптылар өмірдің ащысы мен тұщысын да, суығы мен ыстығын да, қайғысы мен қуанышында да бірге болса, бір-біріне деген қарым-қатынастары да, сезімдері де арта түседі деп ойлаймын.

Дінімізде отбасы мәселесінде ер адамның да, әйел адамның да өзіндік міндеттері көрсетілген. Ер адам алдыңғы кезекте жанұяның отағасы, қорғаушысы, жауапты тұлғасы, әйелі мен бала-шағасының жағдайын жасап, қамтамасыз ететін қамқоршысы. Ал, әйел адам ең алдымен отағасына бойұсынып, бала-шағасына қарап, отбасы берекесінің ұйытқысы, ұйыстырушысы міндетінде. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Барлығын да бақташы секілдісіңдер және барлықтарың қол астыларыңдағылар үшін жауап бересіңдер. Басшы – бақташы. Ер адам – отбасының бақташысы. Әйел – ерініңмшаңырағы мен балаларының бақташысы.мҚысқасы,мәрбірің бақташысыңдар және өздеріңе бағынышты жандар үшін жауаптысыңдар» -деп,аерлі-зайыптылардың міндеттерін анық түрде көрсеткен.

Жаңа отбасын құрып, енді ғана отбасылық өмірге қадам басқан жас отбасылардың арасында түсініспеушіліктер болатыны анық. Менің ойымша ол қалыпты жағдай. Ондай жағдайда екі жақтан да ашуға берілмей, «Ашу –дұшпан, ақыл – дос» дегендей барынша сабыр сақтап, ақылмен шешу керек деп ойлаймын. Отбасын сақтау үшін ер мен әйелдің жанұядағы өзінің рөлін, жауапкершілігін білуі қажет. Бұл туралы Алла Елшісінің (с.а.с.) тағы бір хадисінде:м«Жұбайларыңның сендердің алдарыңда белгілі міндеттері болғаны секілді, сендердің де олардың алдында атқарар міндеттеріңнің бар екенін ұмытпаңдар. Олардың міндеті – жарына адал болу және сендер қаламаған адамды босағадан аттатпауы. Ал, сендердің міндеттерің – оларды киім-кешек және ас-ауқатпен қамтамасыз ету». Дінімізде осылай ер мен әйел арасындағы өз міндеттерін, бір-біріне деген қандай жауапкершілік бар екенін түсіндіріп өткен.

Некенің дұрыс болып, сақтап қалудың тағы бір жолы – ер  мен әйелдің арасындағы жақсы мәміле. Олар бір-бірімен жақсы мәміледе болып, бір-біріне жылы сөйлеп, кешірімшіл болып, кішіпейілділік танытуы керек. Ер мен әйел қандай жағдай болмасын ақылдасып, ойларын ортаға салып мәселені бірге шешулері, жылы сөйлеп, ой бөлісулері әбден қажет. Ибн Аббастан (р.а) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.а.с.) «Сендердің ең жақсыларың – отбасы мүшелеріне жақсы (мәміледе) болғандарың, ал, мен отбасымен ең жақсы (мәміледе) болушымын» деген екен.

Біздің қоғамда отбасы рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасы шаттығын қалыптастырудың бір тетігі де осында жатыр. Отбасылық құндылықтар дегеніміз бір-бірін сүйіп қосылған жанұяларды сақтау үшін қолданатын ежелден келе жатқан салт-дәстүрі. Әрбір отбасының өз құндылықтары болады. Халқымызда ер бала мен қыз баланың өсіп-өнуіне, тәрбиесіне құрсақта жатқанынан бастап үлкен мән берілген. Сол сияқты ұл баланың ер жетіп, қыз баланың бойжеткен шағында, ұзатып үйлендірер уақытында ата-бабаларымыз өз ақыл-кеңестерін айтып отырған. Мысалы:

«Көріп алсаң көріктіні,

Таңдап алсаң тектіні

Сонда көңіл толмай ма?»–деп, Абай атамыз айтқандай немесе халқымыздың  түсінігінде қалыптасқан «Тегіне қарап қызын ал, соғуына қарап қару ал», «Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық» деген сөздері арқылы болашақ жарынның тәрбиелі, көрегенді болуы қазақ дәстүрлерінің талабы деседе болады.

«Жасаулы деп, малды деп байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ұяты бар, ақылы бар,

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма» — деп, Абай атамыз айтқандай алған жарың жақсы болса, барлық бақыт бастан кетпес деп түсінеміз.«Өнерсіз қыздан без, өнегесіз ұлдан без» деп, ата-бабамыз бекер айтпаса керек. Отағасының жауапты, еңбексүйгіш болуы, отбасының қамқоршысы бола алуы, ал болашақ ошақ иесінің іскер, шебер, отбасына ұйытқы бола білуі, ерін күте білу, бала тәрбиелеу, аналық борышын орындау, тамақ даярлау т.б. отбасының негізі талаптары десек те болады.

Жалпы әр отбасын сақтап қалам деген ер мен әйелдің арасында жақсы бір тартылыс күші болуы керек деп ойлаймын. Себебі, екеуінің арасында күшті бір сезім де, тартылыс та болмаса ол отбасы ұзаққа бармайды. Сол үшін де неке қиып, отбасылы болар алдын «Жеті рет өлшеп, бір рет кесетіндей» ақылмен шешу керек. «Бұл кісі шынымен менің адамым ба?», «Не себепті дәл осы кісі?», «Мен бақытты етіп, бақытты бола аламын ба?» т.с.с. сауалдарды өз-өзімізге қоя білу керек деп санаймын. Сол кезде ғана ер адам болсын, әйел адам болсын ойланып барып шешім қабылдайды деген ойдамын. Негізі отбасын сақтап қалу үшін дінімізді жіті зерттеп, салт-дәстүрді  оқып қарасақ өте көп құнды мәліметке қанық болатынымыз сөзсіз. Бірақ бақытты отбасылық өмірді шеттен келіп, біреу жасап бермейді. Өмірде сан соғып қалмау үшін отбасын құру үлкен жауапкершілік екенін түсіну керек. Жеңіл қарамау қажет.

«Бақытты отбасы» болу ер мен әйелдің өз қолында…