Сайрам ауданында 3241 мүгедектігі бар адам қажетті құралдармен қамтылған

50

Сайрам ауданындағы мүгедектігі бар адамдарды қолдау барысында абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, 3241 мұқтаж мүгедектігі бар адамдарды қажетті құралдармен және қызметтермен қамтамасыз етілген. Осы ретте республикалық бюджеттен 157 097,0 мың теңге бөлініп, оның 56 900,0 мың теңгесі және облыстық бюджеттен 522 330,0 мың теңге бөлініп, оның 416 750,0 мың теңгесі және жергілікті бюджеттен 297 876,0 мың теңге бөлініп, оның 157 644,0 мың теңгесі игерілген. Оның ішінде, міндетті гигиеналық құралдармен, көмекші техникалық (компенсаторлық) құралдармен және санаторлық-курорттық емделумен, қоларбамен, протездік-ортпедиялық құралдармен, сурдотехникалық және тифлотехникалық құралдармен, жеке көмекші қызметі мен ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасының орындалу көрсеткіші 88,7 пайызды құрап, Сайрам ауданының көрсеткіші жоғарғы орыннан көрінді. Бүгінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау ҚР Конституциясымен, Әлеуметтік кодексімен және өзге де нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі.Мәселен, ел заңнамасында  «мүгедек» термині алынып, ол «мүгедектігі бар адам» ұғымына, сондай – ақ, «мүгедек бала» деген сөз «мүгедектігі бар бала» деген ұғымына ауыстырылды. Қазақстан Республикасы 2015 жылы «Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы» Конвенцияны ратификациялады және осы Конвенцияның факультативтік хаттамасына қосылды.  Осылайша, ел азаматтарының өздерінің экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарын халықаралық қорғауға құқығы бар. Мүгедектігі бар адамдар БҰҰ жанындағы мүгедектігі бар адамдардың құқықтары жөніндегі комитетке шағымдана алады. Өз кезегінде аталған Комитет тергеп-тексеру жүргізіп, ақпарат сұрата алады және мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар бере алады.