Қазіргі уақытта инватаксилерге қойылатын талаптар қайта қаралуда

58

Түркістан облысының тұрғындарының назарына ақпараттық сайтымыз арқылы ерекше жандарға арналаған инватаксилар жөнінде ақпараттарды ұсынамыз. Қазіргі уақытта инватаксилерге қойылатын талаптар қайта қаралуда. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, автомобильде міндетті түрде мүгедектер арбасы мен өзге де арнайы құрылғыларды қоюға мүмкіндік беретін жүксалғыш болуы керек. Бірақ бұл қызметке мүгедектер арбасына таңылғандар ғана жүгінбейтінін ескеру қажет. Көру қабілеті нашар немесе нашар еститін жандарға арнайы жабдықталған автомобильдер қажет емес, олар қарапайым жеңіл көлікті қолдана алады. Жолаушыға, қажет болған жағдайда көлікке кіріп-шығуға көмектесу керектігін жүргізушіге ескерту жеткілікті. Қызмет Порталға енгізілген кезде мүгедектігі бар жан өз мүмкіндіктерін ескере отырып, ыңғайлы автокөлікті таңдай алады. Осылайша қызмет таксопарктер үшін қолжетімді әрі артық шығынсыз болмақ.

Жеке көмекші қызметтері 2015 жылы енгізілді және оның басты идеясы — мүгедектерді әлеуметтік қызметкердің қамқорлығымен жұмысқа, оқуға, дүкенге бара алатындай жағдай жасау. Осы арқылы мүгедектігі бар азаматты әлеуметтендіру. Жеке көмекшінің жұмыс уақыты әрдайым 8 сағаттан аспайтынын атап өткім келеді. Бұл норма бүгінгі күнге дейін сақталып келеді. Алайда көмекшілердің жұмыс уақытын көбейту туралы мәселе жиі көтерілуде. Ешкім адамды тәулік бойы жұмыс істеуге мәжбүрлей алмайды, бұл заңға қайшы.

Жеке көмекшінің қызметіне тек жұмыс күні ішінде қолдау көрсету кіреді. Бұл мәселе әділеттілік төңірегінде емес, заңдылық тұрғысынан қарастыру керек. Қарапайым тілмен айтқанда, заңнамалық деңгейде жұмыс уақытын 8 сағаттан артық ету мүмкін емес. Адамның тәулік бойы жұмыс істеуін талап етуді әлемнін қай елін алып қарасаңыз да кездестірмейсіз. Көбіне жеке көмекшіні мейірбикемен немесе медициналық қызметкермен шатастырып жатады. Әрине мұндай жағдайда түсініспеушілік пайда болады. Кей кездерде мүгедектігі бар жандар көмекшінің инъекция немесе басқа да медициналық манипуляцияларды жасауын талап етіп жатады.

Айта кету керек, 2021 жылдан бастап жеке көмекшінің қызметін алмай жүрген І топтағы мүгедектерге күтім жасайтын тұлғаларға жаңа жәрдемақы енгізіледі. Ал жеке көмекші қызметтерін ұсыну тәсілдері қайта қаралады. Сонымен қатар, келесі жылдан бастап мүгедектігі бар жандар Әлеуметтік көмек порталы арқылы жеке көмекшінің қызметіне жүгінуге өтініш бере алады.