Мүгедектігі бар азаматтар жұмыспен қалай қамтылады?

123

Түркістан облысында 2024 жылдың 1 шілдесіндегі жағдаймен нақты 2 169 мүгедектігі бар адамдар жұмыспен қамтылған. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың экономикалық дербестігі мен оларды сапалы жұмыспен қамту мәселесін қашан да басты назарда ұстайды.

Оған дәлел қазіргі таңда, еңбекке қабілетті жастағы мүмкіндігі шектеулі жандардың жалпы санының 100 мыңы немесе 23,3%-ы жұмыспен қамтылуында болып отыр. Министрліктің мәлімдеуінше, 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 30%-ға дейін арттыру көзделіп отыр.

Сонымен бірге мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы белсенді түрде қолға алынуда. Мәселен тек 2020 жылы аталған бағдарлама аясында 13 мың мүгедек азамат жұмысқа орналастырылып, 626 азамат кәсіпкерлік негіздеріне оқытылған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға 830 өтеусіз грант және 350 микрокредит берілген.

Бүгінгі таңда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кәсіптер атласы әзірленді. Оған сәйкес мүгедек адамдарды сұранысқа ие мамандықтар, оның ішінде IT мамандығы бойынша оқыту жүргізілуде .

Сол сияқты «Даму» қорымен бірлесе отырып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қатысуымен «Scale-up» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын 76 бизнес-жобаға қолдау көрсетілуде.

Бұған қоса мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту мәселесін шешуде жергілікті әкімдіктер де атсалысып отыр. Мысалы өңірлік және орталық мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, мүгедек азаматтарды мемлекеттік қызметкерлер қатарына тарту жұмыстары қолға алынуда. Оған дәлел 2020 жылдың қараша айындағы жағдай бойынша, мемлекеттік қызметке тартылған мүгедек азаматтардың саны 701-ге жеткен. Сондай-ақ олардың арасында 391 адамның Мемлекеттік басқару академиясының онлайн-курстарынан өткені белгілі болды.

Сондай-ақ, биылғы жылдан бастап республиканың барлық аймақтарында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Ten Qоgam» әлеуметтік қолдау және жұмысқа орналастыру орталықтары ашылуда. Қазірдің өзінде мұндай орталықтар Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ашылған.

Министрлік өкілдері облыстарда мүгедек азаматтарды жұмысқа орналастыру бағытында, белгіленген квоталарды орындау бойынша кәсіпорындармен белсенді жұмыс істеу қажеттігін де атап өтті. Себебі қазіргі күні кәсіпорындардың тек 36%-ы ғана заң талаптарына сай қызмет етуде.