Қазақстанда мүгедектігі бар адамның жеке көмекшісінің жұмысы еңбек өтілі ретінде есептеледі

58

Түркістан облысының тұрғындарының назарына жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды сүйемелдеу және үй-жайларға барған кезде әлеуметтік көмек қызметін көрсететін тұлғалар жайында ақпараттарды ұсынамыз.

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың жеке көмекшісі ретінде олардың туысы белсенді түрде тартылатын болады. Жұмыс істемейтін отбасы мүшелері өз еңбегі үшін ақы алады, ал жұмыс уақыты еңбек өтіліне есептеледі. ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту көзделген. Мұндай қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту мақсатында бірқатар іс-шараны орындау жоспарлануда. Атап айтқанда, қызметтерді проактивті көрсетуге көшуді жүзеге асыру көзделіп отыр. Осы бағыт аясында Қазақстанда мүгедектік тобын сырттай белгілеу бойынша пилоттық жоба іске асырылды. Сондай-ақ Әлеуметтік қызметтер порталын одан әрі жетілдіру жоспарланған. Оның пайдаланушылары әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарын, әлеуметтік қызметкерлерді және техникалық оңалту құралдарын өз бетінше таңдауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, интернат-үйлерді бөлу бойынша жұмыстар жүргізу қарастырылуда. Бұл, әсіресе ауылда арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетуге арналған шағын жинақты ұйымдар ашқан жеке сектор субъектілеріне мемлекеттік тапсырысты кеңейту арқылы жасалмақ. Арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғыртудың маңызды тармағы мүгедектігі бар адамдардың жұмыссыз отбасы мүшелерін жеке көмекші ретінде тарту болып саналады.

Олар өз еңбегі үшін әлеуметтік аударымдары бар ақы алады, ал жұмыс кезеңі зейнетақы тағайындау кезіндегі еңбек өтіліне есептеледі. Әлеуетті жеке көмекшілерге қойылатын негізгі талап – олардың арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін тиісті дағдысының, іскерлігі мен біліктілігінің болуы. Еңбек министрлігі берген ақпаратқа сай, арнайы қызмет көрсету жүйесін жаңғырту бойынша жоспарланған барлық іс-шараны орындауға республикалық бюджеттен шамамен 37 миллиард теңге бөлу көзделіп отыр. Естеріңізге сала кетейік, жеке көмекші – жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды сүйемелдеу және үй-жайларға барған кезде әлеуметтік көмек қызметін көрсететін тұлға. Жеке көмекшінің қызметтерін ұсыну, медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтерін көрсетуге медициналық көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдерін ескере отырып әзірлейтін, оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады. Электрондық egov.kz үкімет порталында бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың жеке көмекшісінің қызметімен қамтамасыз етуге құжаттарды ресімдеуге болады.