Отбасында теңдік болмай, қоғамда теңдік болмас

34

Түркістан облысының тұрғындарының назарына барлық азаматтардың өзара құрмет және теңдік құндылықтары жөнінде мәліметтерді ұсынамыз. Қазақ ер азаматты шаңырақтың иесі санаса, әйелді отбасының алтын қазығы деп құрметтеген. Ал, отбасы ұғымы осы ер мен әйелдің бірлескен одағынан туады. Қай қоғамда да отбасы мемлекеттің негізгі бөлшегі. Басты қозғаушы күші. Оның әлеуметтік жағдайы, тыныштығы, берекесі мен ұрпаққа берер тәрбиесі қоғам алдындағы негізгі мәселелердің бірі.

Жаңа дәуір, жаһандану заманында өмір сүріп жатырмыз. Қоғамдық қатынастар демократияланып, еркіндік пен теңдік, ашықтық салтанат құрған кезең. Соңғы уақытта «теңдік» сөзі көп айтылып жүр. Ата заңымызда да еліміздің әрбір азаматы жасына, жынысына, ұлтына қарамастан тең құқылы екені жазылған. Ал отбасындағы ер мен әйелдің теңдігі қалай көрініс тауып жатыр?

Әлем елдері әйелдің қоғамдағы белсенділігін арттыру жолында көптеген заң қабылдап, түрлі бастамалар көтеріп келеді. Нәзік жандылардың білім алуы, жұмыс істеп, ел өміріне араласуы, көзқарасын ашық білдіріп, қоғамның белді мүшесіне айналуы әр салада жетістіктерге жетелеуде.

Қазақ қай заманда да әйелді отбасының ұйытқысы санап, берекесі деп білген. Себебі ұлтты тәрбиелейтін осы қыз-келіншектеріміз. Бірақ олардың ішкі қажеттіліктері мен жан дүниесінің қалауына ер азаматтарымыз қарсы келіп жатады. «Әйелдің орны ошақ қасы» деген сынды рухани кедергілер әлі де бар. Отбасындағы теңдік бірінші сол әулеттегі әйелге көрсетілетін құрмет, сыйластықтан басталуы тиіс. Өкінішке қарай, көптеген отбасында әйелдің ішкі дүниесіндегі қажеттілікпен, көзқарасымен, ойымен санаспайды. Ер азаматтар тарапынан психологиялық зәбір көретін келіншектердің саны да баршылық. Тіпті кейбір отбасыларда әйелін тек туыс-туғанымен ғана араластыратын жағдайлар кездеседі. Ойын айтуға тиым салып, орнын көрсетумен келе жатқан азаматтар да, өкінішке қарай бар.

Одан кейінгі ең өзекті мәселе, ер азаматтарымыздың тапқан табысын әйелінің қолына ұстатпауы. Бұл да отбасындағы түрлі ұрыс-керістің негізгі себебі. Әйелді кемсітудің бір түрі. Ақша кімде болса, билік те соның қолында деген шала қағиданы ұстанатын ер азаматтар бар. Соның салдарынан ажырасып жатқан жастар да жетерлік. Ғасырлар бойы үйдің асыраушысы – ер адам, ал ерінің тауып әкелгенін ұқсатып, іске асырушы, жаратушы – әйел адам деген түсінік қалыптасты. «Ер адам – түздікі, әйел адам – үйдікі» деген сөз соның айғағы.