Кентау қаласында еліміздегі жалғыз арнаулы кәсіптік колледж бар

63
Кентау қаласында еліміздегі жалғыз арнаулы кәсіптік колледждің ерекше оқушылары үшін оқу орнының тарихында алғаш рет жеделсаты орнатылған. Кентау қаласындағы арнаулы кәсіптік колледжде «Samruk-Kazyna Trust» қоры компаниялар тобы атынан мүмкіндігі шектеулі студенттерге лифт орнатылып берілген. Оқуға құштар, бірақ мүмкіндігі шектеулі жандар бұған дейін қоларбаларын бірінші қабатқа тастап, жоғарыдағы дәрісханаларға сатымен көтеріліп жүрген. Енді тірек-қимыл жүйесі бұзылған колледж оқушыларының білім алу жолындағы тауқыметі жеңілдеп отыр. Сонымен қатар, Кентауда «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорымен бірге  «Саламатты болашақ» жобасы іске асырылған. Бүгінде жоба аясында ерекше балалар бейімделген спортпен шұғылданады. Олар арнайы үйірмеде ой-санасын сергітіп, денесін шынықтырады. Бүгінде жоба аясында еліміздің 21 қаласы мен кентінде жыл сайын 1 000-нан аса ерекше бала спорттың 10 түрінен тегін үйірмеге қатысады. Қор әрдайым әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдауға ерекше назар аударып келеді.
«Қор арқылы мүмкіндігі шектеулі студенттер оқитын Кентау қаласындағы мамандандырылған кәсіптік колледжге жеделсаты салуға 36 млн теңге бөлінді. Бұрын қоларба қолданатын студенттерге баспалдақпен көтерілу қиындық тудыратын. Ал олардың жалпы саны жалпы оқушылардың 60%-ын құрайды. Қазір лифт шахтасын салу және жабдықтарды монтаждау жұмыстары жүргізіліп, балалар жаңа оқу жылын жайлы жағдайда бастайды», – деді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.
Кентау қаласында орналасқан «ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Арнаулы кәсіптік колледжі» медициналық-әлеуметтік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі – кәсіби-техникалық білім беретін Қазақстан Республикасындағы тірек-қимыл қозғалыс аппараты бұзылған және онымен ауыратын мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бірден-бір колледж.