Шымкенттің өркендеуіне қызығушылық танытып отырған инвесторлар қатары аз емес

451

Шымкент — өндірістік инвестицияға басымдық береді. Бүгінде шымшаһардың өркендеуіне қызығушылық танытып отырған инвесторлар қатары аз емес.

Осы және өзге де мәселелер бойынша бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің жетекшілігімен өткен инвестициялық штабтың кезекті отырысында кеңінен талқыланды.

Жиын барысында агроиндустриялық аймақты құру жөніндегі жұмыстың барысы, инвестициялық жобалардың таныстырылымы мен оларды іске асыру барысындағы ұйымдастырушылық мәселелер, штаб отырыстарында берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы талқыланды.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша штабтың алдыңға отырыстарында берілген хаттамалық тапсырмалардың ішінде 5 мәселе мерзімінде орындалмай қалғандығы айтылды. Қала әкімі мемлекеттік құрылымдар жетекшілеріне берілген тапсырмалардың барлығы мерзімінде әрі сапалы орындалуы керектігіне назар аударып, экономикаға инвестиция тарту мәселесі жайбарақаттылықты көтермейтінін мәлімдеді. Алдағы аптада инвестиция бойынша жұмыс жиыны өтетінін хабарлап, саладағы өзекті мәселелерді тағы бір мәрте пысықтау керектігін ескертті.

Штаб отырысын қорытындылаған қала басшысы М.Әйтенов Шымкенттің заманауи мегаполис ретінде қалыптасуы инвестиция арқылы жүзеге асатынын жеткізді. Қала басшысы сонымен бірге Шымкенттің өркендеуіне инвесторлар қызығушылық танытып отырғанын мәлімдеді. Инвесторлар тарту арқылы қала экономикасы серпін алады. Инвестиция тартуға жауапты құрылымдар құрылыс нарығымен шектеліп қалмай, өндірістік жобаларды іздестіруде белсенділік танытуы керек екендігін еске салды. Өндіріс орындарын ашу арқылы тұрақты жұмыс орындары ашылып, экономика үлесінде жергілікті тауарлардың үлесі артатынын, қала тұрғындарының тұрмыстық ахуалы жақсаратынын мәлімдеді. Барлық сала жетекшілерін осы бағытта нәтижелі жұмыстар жүргізуге шақырды.