«Масыл болу» қазақта бұрыннан тұрпайы естілетін

95

Масылдық деген сөздің өзі – ауыр. «Масыл болу» қазақта бұрыннан тұрпайы естілетін. Себебі біреуге жүк арту – азаматқа, жалпы адамға жиіркенішті қасиет. Бұл дегеніміз жауапкершіліктен қашу. Өз басыңдағы қиындықты өзгеден көру – әлбетте, жеңіл. Жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүріп үйренгендерге таптырмас әдіс. Осы ретте Түркістан облысының тұрғындарының назарына масылдық, масыл болу жөнінде мәліметтерді ұсынамыз.

Қытай ойшылы Конфуцийдің: «Елің асып-тасып отырғанда, кедей әрі кемшін болғаның ұят. Елің арып-ашып отырғанда, бай әрі бағлан болғаның ұят», – деген сөзі бар. Қазақта оны «Көппен көрген ұлы той» дейді емес пе? Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда әйелі базар жағалап кеткен ерлер арақкеш болып, ләйліп кетті. Нағыз елге қызмет етіп, бар қуатын халыққа жұмсаудың орнына, баласына: «Арақ ішпе!» – дегеннен басқа түк бітіре алмады. Қарап отырсаңыз, сол заманның, бәрі емес әрине, көзіміз көрген көпшілігі солай күнелтті. Бір күн істеп, айлап қаңғырды. Қазір олар ел ағасы болып қалды. Әлі сол әдетін қоймағаны бар, жолы болып, түзеліп кеткендері де жетерлік. Дегенмен қазіргі тілмен айтқанда «диванда жантайған эсперттер» де көп. Ел енді аяққа тұрғанда олар қайда болды дейсің? Әке-шешесінің зейнетақысы мен әйелінің «пособиясына» күн көргендер бүгінде елдің осындай дәрежеге түскенін айтып қынжылғанда күлкің келеді. Бұл дерт бүгінде жаңа деңгейге өтіп алғандай. Қазір өзі ақша тапса да ойынға құртып, өзгеге қарызданып, былыққа батып жатқандары қаншама. Бүтін бір отбасының қаржысын телефонға телміріп, ойын көріп, соған құйып жатқандар да жетерлік. Бұл да бір масылдық десек болар. Балаға берілетін әлеуметтік көмектің өзін салып жібергендерді де көз көрді, яғни ол тек әйелі, ата-анасы, достарына ғана емес, тіпті әлі тілі шықпаған баласына да масыл болып отыр деген сөз емес пе?

Бұның бәрі – сауатсыздықтан. Қаржылық, психологиялық білімі таяздау, ақпаратты дұрыс қабылдай білмейтін адамдардың ісі десек болар. Қазыналы қарттарымыз масыл болғаны былай тұрсын, біреуге қарыздар болғаныңды естісе есі кетіп, соның бір еңбегін істетсе де қайтаруға тырысатын. Неге дейсіз ғой? Ел-жұртқа масқара болмай, жүзі ашық, еңсесін көтеріп жүруі үшін. Тіпті өзінің кетер шағын да болжап, елге берер асын да алдын ала дайындайтын еді ғой. Асыл сүйекті қарияларымыздан сіңіру керек қасиеттің бір осы болатын. Қасиеттен айырылу қазақ үшін қандай қасірет десеңізші. Қасықтап жиған абыройыңды масылдыққа жеңдіру туралы тіпті сөз де болмайтын. Қазақ үшін бұл табу еді. Бүгін жағдай басқа. Біз бөлек әлемде күресіп жүргендейміз. Бір-бірін түсінбейтін жұрт. Тек өткеннен жарқ еткен сәуле бар, соны паналап, «біз өзі сондай едік қой» деуден аса алмай қалдық. Қанға сіңген қасиетті өз қолымызбен жуып-шайып жатырмыз. «Ақыры оң болсын» дейміз. Әлемнің дамыған елінің қайсысын қарасаңыз да еңбектің жемісі екенін түсінесіз. Ал жатып алып, ұядағы балапандай аузыңды ашып тамақ сұрау – әлсіздіктің белгісі.