«ҰЛТ ЖҮГІН АРҚАЛАҒАН НАР ТҰЛҒА»

350

 

Оңтүстік өңірі, оның ішінде Шымкент шаһары үшін нар тұлғаның еткен еңбегі ерен. Асқаровтың атқарған тірліктері жайлы таңды таңға қосып айтсақ та аз. Десек те, ол кісімен қызметтесі, әрі көмекшісі ретінде өз естеліктерімді бөлісуді жөн көріп отырмын.

1978 жылдан 1980 жылға дейін Асанбай ағамыздың көмекшісі болдым. Менен кейін ол кісіге, әр жылдары Жармахан Тұяқбаев, Жеңісбек Мәуленқұлов, Әбдіқадыр Мәмбетов көмекші болды. Бәлкім, сосын да шығар, ел мені Асқаровтың бірінші көмекшісі деп жүргені. Жалпы басшы ретінде Асанбай ағамыз өте сауатты, көп қырлы азамат болатын. Ол кісі барлық саладан хабары болуымен ерекшеленді. Өзі ауылшаруашылық саласын жіті меңгергендіктен болар, бір ғана біздің облыстың жағдайын талдай отырып, «мысалы дәл осындай жағдайда отырған Алматы облысында былай екен, Жамбыл облысының көрсеткіші мынадай екен» деп өзге облыстардан дәйек, дерек, мысал келтіріп отырушы еді. Мұнысы біздің мамандарға үлкен өнеге, сабақ болғаны рас. Облыстағы шаруашылықтарды аралап жүрген бір сапарымызда «Талдықорғанда жүгері егіп, мол өнім жинап, табысқа жетіп отыр. Дәл сондай климаттағы біздің өңірде неге осы жүгеріні қолға алмасқа» деді. Мамандар мұның мүмкіндіктері барын мойындады. Соның арқасында біздің облысымызда да жүгері егумен айналысатын шаруашылықтар пайда болды.

Ол кісі өте көп оқитын. Сұхбаттасқан адамымен кез-келген тақырыпта әңгіме-дүкен құра алатын. Тарихты өте жақсы білетін. Ал, әдебиеттен Лермонтовты, Пушкинді, Есенинді жиі оқитыны есімде. Ол жылдары кітап сөрелерінде орыс тілді әдебиеттер көп болушы еді ғой. Соған қарамастан қазақша әдеби кітаптарды іздестіретін. Абайдың, Әуезовтың шығармаларын бірнеше қайтара оқып жүргенін байқағаным бар. Шығыс шайырларының да шығармаларын іздеп оқитын-ды. Фердауси, Әлішер Науаи шығармаларынан үзінділер айтып отыратын.
Әлі есімде, Бабырнаманың екі томдығын Өзбекстаннан арнайы тапсырыспен алдыртқаны бар.
Асанбай ағамыз зейнеткерлікке шыққан соң да осы әдетінен жаңылған жоқ, тарихымызды, өнерімізді түгендеуге мұрындық болды.

Исмат ТҰРСЫНҚҰЛОВ, ардагер