Ізгіліктің шуағы құрметтен көрінеді
Кез келген өркениетті елде адамдар арасында өзара құрмет пен теңдік құндылықтарын қалыптастырып, дамыту қоғамдағы ынтымақтастық рухын қалыптастырып қана қоймай, жани түсетіні де белгілі. Бұл орайда ерекше қажеттіліктері бар жандарға құрметпен қарау айрықша роль атқарады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында мемлекет қоғам алдында барлығына да бірдей мүмкіндік беретінін баса айтқан болатын. Әділдік орнатып, елдің игілігіне айналар қызметтің қай түрі де барлығына қолжетімді болуы тиіс. Сол қызметті атқарушы жандардың еңбегі ескерілетінін атап өтіп, әлеуметтік әлсіз топтардың санатына жататын азаматтар да қолдаудың барлық түрін игілігіне жарататынын жеткізген еді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың да орасан мүмкіндігін елдің дамуына, өркендеу үдерісіне жұмсауға бағыттау қажет екенін ескерткен. Ендеше, бүгінгідей әділеттілік орнатуға бағыт алған қоғамда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға құрмет көрсету де бір мысқал кем болып жатқан жоқ.
Қоғамда ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың рухани-мәдени дамуына да мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жеткілікті. Мысалы І, ІІ топтағы мүгедек азаматтар мәдениет ошақтарында өтетін іс-шараларға тегін кіріп тамашалай алады. 18 жасқа толмаған балалар да мүмкіндігі шектеулі болса, тегін кіреді. Ал ІІІ топтағы жандар 50 пайыз жеңілдікті пайдалана алады. Мемлекеттік театрларда болатын түрлі спектакльдерді осындай орасан мүмкіндіктің арқасында тегін тамашалайды. Мемлекеттік деңгейде ұйымдастырылатын мәдени ойын-сауыққа да қатысуға еш кедергі, шектеу қойылмайды. Мемлекет ешқашан ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды алаламайды. Керісінше, қоғамның дамуына олардың да қосар үлесі зор екенін бағамдап, мүмкіндік береді. Қазақстанның ең қымбат қазынасы – әрбір азаматы болғандықтан да қолдау мен қамқорлық ешқашан тоқтамайды.