Осал топтағыларды қолдау мен құқығын қорғау мәселесі маңызды

69

Түркістан облысының тұрғындарының назарына мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғау, оларға құрметпен қарау, ерекше қажеттілігі бар жандар үшін инклюзивті білім беру жүйесін дамыту мәселелеріне басымдық беріп келе жатқандығын ұсынамыз. Бұл саладағы өзгерістер мен толықтырулардың нәтижеге бағытталуы үшін тек Қазақстан Республикасының Үкіметі, мемлекеттік органдары ғана емес, сонымен қатар жалпы әлеумет  қоғамдық сананы қалыптастыруға жұмыла күш салуы қажет. Алайда бұл «Үкімет өлтірмейді» деген масылдыққа алып келмеуге тиіс. Нарық заңдылығына сәйкес, патернализм жағдайында оптималдық тепе-теңдік сақталған жөн. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің негізі» атты Жолдауында осы мәселе қадап айтылды.

Бүгінгі қоғамда патернализм инерциясының өршіп жатқанын көріп отырмыз. Қазақстан секілді дамушы мемлекетке «мен еліме не бере аламын, қалай пайдалы боламын?» деген көзқарастағы еңбекқор жастар керек. Өйткені жаһандық өркениетте масылдық пен жалқаулық Мемлекет басшысы алға қойған стратегиялық міндеттер мен саралау позициясына қайшы келеді.

Басты себеп мынада: нарық құрылымы өзгерген сайын экономикалық сұраныс құндылығы инновациялық стратегияларға көшеді. Бұл ретте  әлеуметтік көмекпен ғана жан бағып жүргендер мен еңбекке жат «мемлекет міндетті» деген қағиданы ұстанушылар – нарық кеңістігінің шекаралары кеңейген уақытта, Президентіміз басымдық берген озық стратегияның жүзеге асуынан бұрын шығындарды көбейтуге жол ашады.

Мемлекет басшысы әлеуеті осал топтағыларды қолдау мен құқығын қорғау мәселесінде де нарықта бәсекенің маңыздылығын арттыру  масылдықты жоятын жүйелі тәсіл екенін белгілеп отыр. Жалпы қоғам үшін алдымен құндылық серпілісі басты орында болуға тиіс.

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде психолог мамандар көпшілікке «ешкімнен ештеңе күтпе!» деген қағиданы тіршілігінде ұстану керек алтын ереже деп көрсетіп жүр. Жөн-ақ. Бұл мүмкіндігі шектеулі, ерекше қажеттілігі бар, әлеуметтік осал топтағылар үшін емес, ел дамуына тың инновация әкелетін тек дені сау адамдарға ғана айтылған сөз деп қабылдауға болмайтыны даусыз.

Жасыратыны жоқ, он екі мүшесі сау бола тұра, масылдыққа үйренген, мүмкіндігін шектегендердің дені жеңіл жолмен пайда табуды көздегендіктен, еңбек өнімділігі артпай, әлеуметтік инфантилизм қалыптасып келеді.

Ғалымдардың зерттеуінше, масылдық психологияның көрінісі – бала 2 жасқа толғаннан кейін жеңіл, қолынан келетін дүниелерді істеуіне ата-аналардың мүмкіндік бермеуінен басталады. Мұны күнделікті қарапайым дүниелердің қалыпты нормаға айналып кеткенінен аңғару қиын емес. Мәселен, үлкендер тарапынан балаға берілетін шектен тыс махаббат пен қамқорлық оның өзін тануы мен дамуын тежейді. Тамақтанғанда қасықты өзіне ұстатпай, әке-шешесі аузына тосса, жыласа, бірден әлпештеп, қалауын орындаса, бала психологиясында уақыт өте келе масылдық әдеттер орныға бастайды. Сәйкесінше бұл баланың тұлғалық жетілуінде еңбек ету, құлшыну, қиындықты жеңу, шешім шығару деген сынды дағдыларға бейімсіз етеді.