БҰЛЖЫМАС БАҒЫТ – БАЙЫПТЫ БАСТАМАЛАР
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Қазақстан халқына Жолдауы әлеуметтік-экономикалық және саяси күн тәртібінің өзекті мәселелеріне нақты да тұшымды жауап берді. Біз осыған орай Елбасы негізін қалаған, биыл құрылғанына 25 жыл толып отырған жетекші оқу орны – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымдарын әңгімеге тартқан едік.
Жандарбек МӘЛІБЕКҰЛЫ, ЕҰУ профессоры, ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы:
-Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына өзінің кезекті Жолдауын жариялады, онда еліміздің алдағы кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуының басым мақсаттары айтылды.
Президент өз Жолдауында Қазақстанда агломерациялар мен қалалардың кешенді құрылыстарын дамыту туралы Заң жасау керек екендігін баса айтты. Бұл өз уақытында қойылып отырған өзекті мәселе.
Урбанизация — қоғамның дамуындағы қалалардың, қалалық мәдениеттің және «қалалық қатынастардың» рөлін арттыру, шоғырлану тек қалада ғана емес, сондай-ақ ауылдық жерлерге жұмыс күштерін қайтару мәселесі қажеттілігінен туындап отыр. Ауылды сақтап қалу керек. Ауыл агломерациясын кешенді түрде қайта жоспарлау көзделіп отырған мәселе.
Өткен ғасырдағы нормативпен салынған қалақұрылысы мен ауылдық жерлердегі шашырап жатқан кішігірім ауылдардың инфраструктурасын қайта қарауды талап етеді. Білім саласындағы реформа ауылдық жерлерде өзекті болуына байланысты, қала-ауыл деп бөлмей білім сапасының еліміз бойынша бірыңғай жүйеде болғаны маңызды. Сондай-ақ, жаңа IT технологиясын елімізде дамыту қажеттілігі бойынша Президент өз Жолдауында мәлімдеп өтті.
Ауылдық жерлерді ықшамдап бір жүйеге келтіру, экономикалық жағынан тиімді болатыны анық. Қала құрылысында жаңа архитектура жүйесі әлеуметтік салт-дәстүрді сақтау, халқымызға тән бейбітшілік, тыныштық, сабырлық, сыйластық қоғамды қалыптастыруға әсерін береді деп ойлаймыз. Сонымен қатар мүсіншілер тек демеушілер тарапынан ғана емес, мемлекеттік тарапынан да қолдау көруі керек деген сөз жанға жағады.
Қысқасы, Президентіміздің Жолдауында айтылған барлық мәселелер елімізді жаңа белестерді бағындыруға жетелейді деп сенемін.