ЕҰУ-да Әлем ғалымдары бас қосты

210

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ICDIM-2024 «Диэлектрлік материалдардағы ақаулар» атты ХХІхалықаралық конференция болып өтті. Оғанәлемнің 15 елінен 100-ге жуық физик-ғалымдар жиналды.

 

«ICDIM және EURODIM бүкіләлемдік конференциялары 1956 жылдан бастап дүниежүзінің түрлі аймақтарында төрт жылда бір рет мерзімімен өткізіліп келеді және қатты дене физика бағытындағы ғалымдардың әлемдік қауымдастыққа жаһандануы, бүкіл әлемнің ғылыми дамуындағы айрықша маңыздылығымен ерекшеленеді»,-деді басты ұйымдастырушылардың бірі, ЕҰУ физика-техникалық факультетінің деканы Ерік Нұрмолдин.

Оның айтуынша, Евразия ұлттық университетіұйымдастырған шара Қазақстанда және Орталық Азияда алғаш рет өткізіліп отыр. Бүкіләлемдік маңызы бар конференция әлемнің 15 мемлекетінен келген 100-ге жуық жетекші ғалым, сарапшылар мен қатты дене физика саласындағы ұйымдастырушылардың басын қосты.

АҚШ, Ресей, Жапония, Қытай, Бразилия, Түркия, Оңтүстік Африка, Чехия, Ұлыбритания, Канада, Португалия секілді т.б. көптеген мемлекеттердің өкілдері бір апта бойы изоляторлар мен металл емес материалдардағы ақауларға қатысты пікір алмасып, баяндамалар жасады, іргелі және қолданбалы зерттеулер туралы дәрістер оқыды.Сонымен қатар халықаралық конференция аясында жас ғалымдар мектебі жұмыс істеп, онда ЕҰУ докторанттары мен магистранттары шетелден келген жетекші ғалымдардың тағылымды сабағын тыңдады.

«Ынтымақтастықтың бір көрінісі – халықаралық ғылыми конференциялар өткізу.Біздің физик ғалымдарымыз осыдан бес жыл бұрын, яғни 2019 жылы 20 елдің ғалымдары қатысқан REI-20 мерейтойлық конференциясын өткізді. Енді біз ең көне ғылыми форумдардың бірін — 1956 жылы АҚШ-тың Аргонна қаласында басталған конференциялар сериясының ХХІ конференциясын өткізудеміз. Соңғы ICDIM конференциялары Оңтүстік Африкада (2000 ж.), Латвияда (2004 ж.), Бразилияда (2008 ж., 2020 ж.), АҚШ-та (2012 ж.), Францияда (2016 ж.) өткізілді және ұйымдастыру комитетінің шешімімен 2024 жылы конференцияны Қазақстанда, оның ішінде біздің Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да өткізу ұйғарылды.Енді төрт жылдан соң, 2028 жылы тағы да осындай халықаралық конференция өткізу жоспарлануда,-деп атап өтті ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.

Конференция жұмысына ЕҰУ ғалымы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Алма Дәулетбекова мен ғылым докторы, Латвия университетінің қатты дене физикасы институтының профессоры Анатолий Поповтөрағалық етті.

– «Қазақстанда алғаш рет өткен конференцияға жас ғалымдардың қатысуықуантты. Өйткені қазіргі жастар өте білімді, белсенді және көбісі халықаралық деңгейде танымал. Бұл конференция оларға шетелдік әріптестерден жаңа білім алуға ғана емес, сонымен қатар ынтымақтастықты ұйымдастыруға, болашақта тағылымдамалардан өтуге, Еуропалық ғалымдармен бірлесіп жаңа зерттеу жұмысы жөнінде келіссөздер жүргізуге мүмкіндік береді», — деді Латвия университетінің жетекші ғылыми қызметкері Анатолий ПОПОВ.

Ранджит ТАПА, Үндістан SRM университетінің профессоры, зерттеуші-ғалым:

– Менің конференцияға келгендегі бастымақсатым, өз зерттеу жұмысымды ортаға салып, әлемнің атақты ғалымдарымен тәжірибе бөлісуболатын. Ойым толықтай орындалды деп айта аламын және әлем ғалымдарының басын қосқан конференция өте жоғары деңгейде өтті. Шет елдік маман ретінде байқағаным, болашақта физика саласында үлкен жаңалықтар күтіп тұр. Апта бойғы жиын осыны аңғартты және өткенәрбір дәрістен өзіме керекті ақпараттар алдым.

Жандос ӨТЕҒҰЛОВ, Назарбаев Университетінің қауымдастырылған профессоры:

–  Конференцияға әлемнің түрлі елдерінен танымал ғалымдар келді.Олардың жұмыстарымен танысуға, ғылыми тақырыптар бойынша ортақ мүдделерді талқылауға және қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік болды.

Әбдіраш АҚЫЛБЕКОВ, ЕҰУ ғалымы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор:

– Конференцияның негізгі мақсаты – академия, ғылыми зертханалар мен өнеркәсіп ғалымдарын біріктіру, халықаралық ғылыми және академиялық ынтымақтастықты нығайту, сапа мен тиімділікті арттыру болатын.Әлем ғалымдарының басын қосқан жиын осы ой-мақсатымыздан шықты және  дәлелдеді.

ЕҰУ Ақпарат орталығы