ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҒЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынды кеңес төрағасы Көлбай Жалғасбай ашып, жүргізіп отырды. Мәжіліске бөлім мен мекеме басшылары, аудандағы білім беру ұйымдарының директорлары мен балабақша меңгерушілері және БАҚ өкілдері қатысты.
Кеңес отырысының күн тәртібінде аудандағы білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы туралы мәселе қаралды.
Аудандағы білім саласының қазіргі жай-күйі туралы аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақыт Бекмұрат баяндама жасап, жастарға білім мен тәрбие беру мәселесіндегі өзекті мәселелерге тоқталды.
2024 жылы Отырар ауданының білім бөліміне қарасты 9 мектеп 3 балабақша мекемелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 960 миллион теңге жуық қаржы қаралған. Оның ішінде мектептердің едендерін жаңарту, қабырғаларын сырлау, сылау, шатырларын ауыстыру, сондай-ақ, сыртқы қабырғаларды қаптау, ішкі әжетханаларды ретке келтіру жұмыстары атқарылуда.
Жиында кеңес мүшелері Бегалы Әймішов, Нұржан Дайрабаев, Бақытжан Сапарбаев, Амантай Төрехан мектепте білім алушыларға жағдай жасау, мектеп ғимараттарын күтіп-қарау, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы тәрбиешілердің айлық жалақысын толық аудару секілді мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін айтып мектеп басшыларын белсенді болуға шақырды.
Сондай-ақ, жиында қоғамдық кеңестің мүшесі Мария Белгібай аудандағы мектептердің қазіргі жағдайына жүргізілген мониторинг жұмыстарының барысы туралы айтып, кейбір оқу ордаларындағы кемшіліктерді атап өтті.
Кеңес отырысында күн тәртібіндегі мәселеге байланысты қоғамдық кеңес мүшелерінің мектептерді компьютермен, кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету, кіші қызметкерлерді жұмысқа қабылдаудағы өзгерістер, білім беру ұйымдарының қатты және сұйық отынмен қамтамасыз ету жұмыстары туралы қойған сұрақтарына жауап беріліп, жиын қорытындысы бойынша кеңес мүшелері бірауыздан баяндамашыға қанағаттанарлық деген бағасын берді.