ОТЫРАР АУДАНЫНДА БІЛІМ КҮНІНДЕ ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ — 03

37

Бүгін еліміздің барлық өңірлерінде білім күні мерекесі ерекше салтанатпен аталып өтуде. Меркелік шара Отырар ауданында да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мерекеде жаңа мектептің лентасы қиылды.

Балтакөл ауыл округі, Ақкөл елді мекеніндегі Ж.Егембердиев мектебінің ашылу салтанатына аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын қатар келген қос қуанышымен құттықтады.

Аудан басшысы өз құттықтау сөзінде: «Ақкөл елді мекеніндегі ескі мектептің орнына жаңа оқу ордасын салу ауыл халқының көптен бері көкейінде жүрген мәселенің бірі еді. Міне бүгін біз осынау ел күткен тарихи сәтке куә болғалы тұрмыз. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында білім беру мен ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығына айрықша тоқталған еді. Әрине бәсекеге қабілетті дамыған мемлекеттердің қатарында болу үшін білім беруде заман талаптарына жауап беретін жаңаша жетістіктер қажет.

Тәуелсіз Қазақстанның алдында бәсекеге қабілетті, өркениетті елдердің қатарынан көріну міндеті тұр. Бұл өз кезегінде ұстаздардың мойнына екі есе жауапкершілік жүктейді. Себебі, ертеңгі күннің қоғамдық-саяси, экономикалық мәселелерін шеше білетін білімді де білікті ұрпақты тәрбиелеу сіздердің қолдарыңызда. Баршаңызды бүгінгі Ақкөл елді мекеніндегі 100 орындық Ж.Егембердиев атындағы негізгі мектебінің ашылуымен құттықтай отырып, жаңа оқу ордасынан талай білімді, дарынды азаматтардың шыға беруіне тілектестігімді білдіремін»,-деді.

Сондай-ақ жиында аудандық мәслихат төрағасы ертеңге сенім артқан жас жеткіншіктердің заманға сай білім алуына бар жағдай жасау бүгінгі қоғамның басты міндеті екенін айтып, жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын аттағалы тұрған оқушыларға сәттілік тіледі.

Мұнан соң жаңа мектептің лентасы қиылып, шараға келген көпшілік ғимараттың ішкі бөлмелері мен заманауи жабдықталған сыныптарды аралап, танысып шықты.

Ауыл тұрғындарын қуанышқа бөлеген тарихи сәт одан әрі білім күні мерекесімен жалғасын тауып, жиынға келген ата-аналар мектеп табалдырығын аттаған жас бүлдіршіндердің алғашқы қоңырау соғу сәтіне куә болды

Отырар ауданындағы білім беру ұйымдарының жалпы саны- 41, Оның ішінде 40 мектеп мемлекеттік, 1 бастауыш мектеп жекеменшік-әріптестік аясында салынған. Аудандағы жалпы білім беретін мектептерде 13229 оқушы білім алады. Биыл аудан бойынша 1200-ге жуық бала алғашқы қоңырау үнін естіп, мектеп табалдырығын аттап отыр.

Отырар аудандық білім бөліміне қарасты Ж.Егембердиев атындағы шағын жинақты негізгі орта мектебінің оқушылары 1990 жылдан бастап 2024 жылға дейін ығайластырылған жайда білім алып келді. Жаңа мектептің типтік жаңа ғимаратының құрылысы 2023 жылы қазан айында басталып, 2024 жылы 1 қыркүйекте пайдалануға беріліп отыр. Мектеп ғимаратының жобасы 100 орындық балаға арналған, екі қабатты, типтік жайда салынған. Мектептің жаңа типтік 5 оқу кабинеттері және бір интерактивті-компьютер бөлмесі, ыстық тамақ берілетін 36 орындық асхана жайы бар. Сондай-ақ, спорт залы және оқу жаттығу сабақтарына арналған құрал-жабдықтарымен қамтылған.