Көңілдің кейбір сәттері
15 тамыз халық жүрегінен мәңгі орын алған ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Қазақстанның халық әртісі, ғажайып композитордың әндері қандай танымал болса, оның өміріне деген қызығушылық та сондай өміршең. Осы уақытқа дейін ол туралы қаншама мақала жазылды, сазгердің тағдыры мен таланты талай көркем шығармаға да өзек болды. Тіпті өзі аттас журнал да бар. Сонда да бірегей тұлғаның ғұмыр тарихы мен шығармашылығына деген ел ықыласы еш толастаған емес. Осыған орай белгілі қаламгер Файзулла Рахматуллаұлының «Ұлы даланың тұғырлы тұлғалары» кітабындағы Ғалия Райымқұлованың тебіреніске толы мына бір мақаласын жариялауды жөн көріп отырмыз.
Қасиетті Отырар жерінде Шәмші ағаның 80 жылдық тойы кең көлемде аталып өтті. Қазақ елінің түпкір-түпкірінде той жалғасын тауып, Шәмші ағаның әндері күмбірлеп, тыңдарманымен тағы да қауышып жатыр… Осыдан 20 жыл бұрын, ағаның көзі тірісінде 60 жылдығын тойлағандағы оқиғаларды еске алып, көпшілік қауыммен бөлісуді жөн көрдім…
Көңілдің кейбір сәттері… немесе Шәмші аға неге жылады?
«Ұлылардың Отаны» атанған Отырар елінде оншақты жыл қызмет етіп, оның тұнып тұрған тарихына қанығып, елдің, жердің қасиетінен нәр алғанымды Алланың маған берген жақсылығы деп есептеймін. Күндіз-түні демей, қарбалас еңбекке араласып, аянбай адал еңбек еттік. Мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы қатар дамыған ауданның жұмысы көп болатын. Сонымен қатар мәдени шаралар да өте көп өткізілетін. Сол жылдардың өзіне қазақтың салт-дәстүрін сақтай білген, көрсете білген ауылға қонақтар көптен келуші еді.
1990-шы жылдары бір жылдай аудандық партия комитетінің идеология хатшысы қызметін атқарған мерзім (оған дейін экономика саласында еңбек еткем) аяулы ағамыз Шәмші Қалдаяқовтың 60 жылдығына тұспа-тұс келіп, сол мерейтойдың ұйымдастыру комиссиясының төрайымы ретінде бастан аяғына дейін мерейтойды өткізіп, бір жыл бойы Шәмші ағамен тығыз байланыста болып, ол кісіге қызмет ету бақытына ие болдым.
1990 жылдың ақпан айы болатын
Хатшы қыз «бірінші хатшы сіздің келіп кетуіңізді сұрайды»-деген соң, кабинетіне кіріп барсам, онда екі кісі отыр екен. Бас изесіп амандасып, отырған соң байқап қарасам қонақтардың біреуі денелі ақ шашты, екіншісі орташа ғана, мұрты бар кісілер екен. Мойындауымыз керек, Шәмші ағаның суреті көп жарияланбайтын еді ғой, өзін бұрын көрмегенмін, бірден танымадым. Мұхамбетқасым Қойшыбайұлы мені таныстырып, «мына кісілер Шәмші Қалдаяқов пен Оразбек Бодықов ағаларың» дегенде орнымнан тұрып барып, қолдарын алдым. Арқа-жарқа әңгіме басталып кетті. Негізгі арқауы Шәмші ағаның 60 жылдығы жайлы. Абырой болғанда жыл басында идеология бөлімінің жоспарына тамыз айында композитор жерлесіміздің 60 жылдық мерей тойын өткізуді белгілеген едік. Жүгіріп барып, бекітілген жоспарды әкеліп көрсетіп едім, Оразбек аға «Көрдің бе, Шәмші, жерлестерің сені ұмытпапты, біз естеріне салмай-ақ өздері де мерейтойды өткізгелі отыр екен. Әрең көндіріп алып келдім, ұят болады деп келгісі жоқ еді». Шәмші аға күлімсіреп, толқып, көңілі бір көтеріліп қалды.
Сонымен дайындық басталып кетті, ағалар бірнеше дүркін ауылға келіп, кездесулер өткізіп, елмен қауышып жатты. Бірде атақты фермер Есмұрзаев Құдайбергеннің үйіне қонақта болғанда, ол кісі Шәмші ағаға тікелей сұрақ қойды. «Сіздің еңбегіңіз өз дәрежесінде бағаланбады, соған қалай қарайсыз?» деп. Аға асықпай, темекісін шегіп отырып, жай ғана жауап берді «Ешкімге өкпем жоқ, жақсылық та, жамандық та өзімнен, мүмкін мен өзім сый- құрметке лайықты емес шығармын». Сәл үнсіз отырды да, орысшалап: «Жігіттер, иногда куры летают выше орлов, но им никогда не достигнуть орлинных высот»-деп сөзін аяқтады.
Көңілі босап отыр екен…
Сонымен белгіленген күн де жетіп қалды. Мерейтойды тамыз айында емес, қазан айында өткіздік. Қанша іс-шара, мерейтойлар өткізіп жүріп, мұншалықты барлық қатысушылардын бір кісідей жұмылып, барлық ынтасымен дайындалғанын көрген емеспін. Алматы, Шымкент, барлық аудандарға шақыру қағаздар жіберіліп, қонақтарды күтуге дайын болдық. Мерекелік іс-шара сағат 3-ке белгіленген болатын. Сағат 12-де Алматы- Москва поезынан алматылық бір топ өнер қайраткерлерін күтіп алып, «Жібек жолы» мейрамханасына түскі ас берілу керек болатын. Аудан басшылары, Шәмші, Оразбек ағалар қонақтарды күтіп алуға Темір станциясына кетті. Мен де басқа дайындықтарды көріп шығып, мейрамханаға келсем, дастархан басында тек қана Композиторлар Одағынан Тілес аға отыр екен, басқа қонақтардан ешқайсысы келмепті. Шәмші ағаның шығып кеткенін байқамаппын, бір уақытта даяшы қыз «апай, сыртқа шығып кетіңізші»-деген соң шықсам, гардеробта пальтолардың тасасында Шәмші аға қыстығып, көңілі босап отыр екен… «Аға, жыламаңыз, оныңыз не»-деп қатты әбіржіп қалдым… Қан қасымы көтеріліп кетіпті, дереу жедел жәрдем шақырдым. Жас мейірбике қыз укол салып, шай беріп, әрең дегенде өз-өзіне келді. Сондағы айтқаны: «Сендер барлығың осынша дайындалып жатырсыңдыр. Менің әнімді айтып, атағы шыққан бірде бір әнші келмеді, ұят болды ғой елден» деп қамықты.
Алып ұшып Мәдениет сарайына жеттім. Онда соңғы дайындықтар жүріп жатқан. Ауыл өнерпаздарын жинап алып, болған жағдайды жұқалап жеткіздім, барлық өнерлерін салуды өтіндім.
Халық ағылып келіп жатты. 500 орындық сарай лық толып, тіке тұрған адам қаншама. Кешті мен және Мәдениет бөлімінен Бота деген қыз екеуміз жүргізіп отырдық. Сахнаның төрінен сондай-ақ Шәмші аға мен Оразбек Бодықов ағалар да орын алған болатын. Құттықтау сөздер әндерге жалғасып жатты. Арасында Шәмші аға өзі пианиномен сүйемелдеп, «Құсни-Қорлан» әнін шырқады. Күләйша Әбдірайымова бастаған әжелер ансамблі, Саз мектебінің ұстаздары мен шәкірттері, Мәдениет бөлімінің әншілері Маржан Танашева, Раушан Алтынбекова, ол кезде жас әнші қызымыз Қадиша Шалабаева бәрі де өнерлерін ортаға салып, кештің көркін ашты. Алты сағатқа созылған кештен бірде-бір адам кеткен жоқ, шапалақ толастаған жоқ, көкте Шәмші ағаның әндері қалықтап тұрды.
Мерейтой туған ауылы «Темір» совхозында да жалғасын тапты. Арнайы жасалған киіз үйде қонақтарға ас беріліп, онда да Шәкең «Құсни-Қорлан» әнін шырқап, өзіне берілген шапандарды қонақтарға түгелімен сыйлап жатты. Өкінішке орай ол кездері видеокамералар жоқтың қасы ғой, сол сәттердегі Шәкеңнің бал-бұл жанған жүзін, жанарындағы шаттықты таспаға түсіріп қалу керек еді.
Бақыт құшағында
Ауылдағы басталған дүбірлі той Шымкент қаласында жалғасып, 1992 жылы қаңтар айында Алматы қаласында филармонияда «Бақыт құшағында» атты үш күндік концерттік бағдарламаға ұласты. Ауданнан 15 шақты азаматтар, туған-туыстары арнайы елдің сәлемін арқалап, сол ұмытылмас күндердің куәсі болып Алматыға жеттік. Қос аға поездан күтіп алып, бәріміз «Қазақстан» мейрамханасына жайғастық. Сол күні түсте Шәмші ағаның үйіне барып, Жәмилә апамыздың қолынан дәм таттық. Ұлдарымен танысып, арқа-жарқа болдық. Сол күні кешке филармонияда арнайы концерттік бағдарлама берілді. Билет таба алмай жүрген қаншама адам, құшақ-құшақ гүл шоқтары…
Роза Бағланова, Нұрғали Нүсіпжанов, Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Мариям Төлегенова тағы да басқа танымал өнерпаздарымыз Құрманғазы оркестрінің сүйемелдеуімен ән шырқады. Тұманбай Молдағалиев «Қайдасың Шәмші» атты өлеңін оқыды. Концерт соңында барлық өнерпаздар, аудан делегация мүшелері Шәмші ағаны ортаға алып сахнаға шықтық. Мен арнайы сөз сөйлеп сый-құрмет көрсетіп, ақынымыз Әселхан Қалыбекованың арнауын оқыдым. Шәуілдір ауылындағы Саз мектебіне Шәмші ағаның есімін бергенін жариялағанымда, көрермендер тегіс түрегеліп, көпке дейін шапалақ ұрумен болды. Сол мектептің директоры Әбуов Жақсылық өз баянымен «Менің Қазақстаным» әнін шырқай жөнелді, зал түгел қосылып кетті!
Сол сәтте байқасам, қасымда тұрған Шәмші ағам жылап тұр екен. Бірақ бұл өткендегідей емес, қуаныш көз жасы еді…
Концерттен соң барлық қонақтарды ұлттық мейрамханада таңғы сағат 4-ке дейін күттік. Құттықтаулар да, ән де толастаған жоқ. Әсет Бейсеуовтың өз сөзінде «Шәмші, сен бақыттысың, сені іздейтін осындай елің бар» деген сөзі есімде қалыпты.
Отырарға бір ән қарызсыз
Мерейтойдан кейін де Шәмші ағаның елмен байланысы үзілген жоқ. Құдайға шүкір, ол кісі туралы түсірілген жалғыз деректі фильм де сол жылы түсірілді. Жаз айларында Қызылқұм ауданын Отырар ауданы деп атау жөнінде қаулы шықты. Қараша айында ауданның 55 жылдығы мен Отырар болып өзгеруіне байланысты мерейтой өткізілетін болып белгіленді. Әселхан ақынның «Отырарға бір ән қарызсыз» деген сөзі түрткі болып, Шәмші аға ән шығарғысы келгендігі жөнінде айтты. Бірде Сабырхан Асановпен ауылға келіп, бірнеше күн қонақ болды. «Әнім дайын, Сабырханға сөзін жаз деп қолқа салдым» дегенде, ол кісі «Сен мені әрдайым қинайсың, әнін жазып алып, осылай қыспаққа аласың» деп бір-бірімен жарасымды әзілдесіп отырды. Тамыз айында келіп, Саз мектебінде хор ұйымдастырып, дайындығын өзі жүргізді. Сонымен Шәмші ағаның «Отырардағы той» әні ауданның мерейтойында алғаш рет шырқалды. Өте әдемі шықты. Композитор ағамыздың еліне деген сүйіспеншілігі, патриотизмі, перзенттік махаббаты, барлық-барлық сезімі айшықталып, тағы да ән болып төгіліп жатты. Алайда ең соңғы әнін осылай еліне арнаған ұлы жерлесімізден көп ұзамай көз жазып қалатынымызды біз ол кезде сезбедік…
Құйрықты жұлдыз секілді
Иә, 1992 жылы 29 ақпанда жасы 62-ге қараған шағында ұзаққа созылған ауыр науқастан, көрнекті халық әртісі Ш.Қалдаяқов көз жұмды. Өкініштісі сол, дипломсыз ұлы сазгер қазақ даласын әнге бөлеп, пенделіктің бәрін тарихтың еншісіне тастап, бақилыққа атанып кетті. Оның қазасын бүкіл қазақ халқы аза тұтып, көздеріне жас алмағаны жоқ шығар… Оның енді екінші өмірі–шабытты өмірі аяқталып, бақытты өмірі басталды. Қазақ халқы өлмей оның әндері де өлмейді, аты да өшпейді. Бірақ сол бақыттың пұшпағын болса да, көзінің тірісінде көре алмай кеткені өкінішті.
Қалай дегенде де тәуелсіз еліміздің әнұраны «Менің Қазақстаным» әнінің авторы жерлесіміз атақты сазгер Шәмші Қалдаяқов ағамыз ата-баба дәстүрінен қуат алып өскен, ұлтының ұлы махаббатын арқалаған ұлы сазгер еді. Сондықтан да Алаштың ардақты ұлының елге белгілі, белгісіз азаматтық, қасиеттерін, ұлтжандылығын, өнерін, өшпес өнегесін өзімізге үлгі ету, айдай әлемге паш ету баршамыздың ортақ борышымыз, азаматтық парызымыз. Бұл жөнінде бізге дейін де талай ғұламалар мен ғалымдар сөз сөйлеп, небір даналар мен кемеңгерлер бағасын беріп, ойларын айтқан.
Құйрықты жұлдыз секілді,
Туды да көп тұрмады.
Көрген білген өкінді,
Мін тағар жан болмады,-дегендей, қазақ даласын әнмен тербеткен Шәмші Қалдаяқовтың тағдыры мен ғұмырына осы төрт жол өлең түгелімен арналғандай. Оның әндерінсіз ешбір мереке де, ешбір той-думан да өтпейді. Оның әндерін еңбектеген баладан бастап, еңкейген кәріге дейін шырқайды. Ал «Шәмші аға» деген сөз «Ән аға» деген сөзбен тұтасып, синоним болып кеткелі қашан…
300-ге жуық әні бар
Ол 1930 жылы 15 тамызда ұлылардың отаны Отырарда дүниеге келген. Оның әндері республикамыздың қай өңірі болмасын жиі айтылып, ән сүйер қауым арасына барынша кең тараған. Ән өнерімізде жарық жұлдыздай сәуле шашып, айырықша із қалдырған Ш.Қалдаяқов күллі қазақ халқының ұлттық мақтанышы сазгердің серісі. Біз ес білгелі бері еліміздің кең байтақ даласы мен аспанында қалықтаған, махаббат пен сағыныш сезіміне толы Шәмші әуендері енді ғасырдан ғасырға бет алып әуелей беретіні ақиқат. Табиғат ерекше дарын иесі еткен дара тұлға Шәмші Қалдаяқовты қазақ баласы мәңгі есінен шығармасы анық. Қазақтың музыка өнерінде Шәмші ағамыздың орны ерекше 300-ге жуық әні бар. Алайда Ш.Қалдаяқов кеудесін қағып, мен атақты композитормын деп бір сәт те мақтанған жан емес деседі. Қашанда өзінің қарапайымдылығы мен ізгілігі мол адам ретінде бүкіл қазақ халқының жүрегінен мәңгі орын алды. Өзінің шығарған өлеңінің бірі «Шалқыған Шәуілдір», «Отырардағы той» сияқты атақты әндері осында дүние есігін ашып, төрткүл дүниеге тарады. Өйткені онда ерекше аңсау, терең толғау бар. Кезінде Шымкент өңірінде басталған Шәмші Қалдаяқов атындағы Халықаралық ән фестивалі Жамбылда жалғасын тауып, талай таланттардың тұсауын кескенін білеміз. Шын таланттың, ғажайып дарынның шапағаты тиді деген осы. Дарыны иісі қазаққа ортақ Шәмшідей аяулы жанның ән ғұмыры әлі талай ұрпақтың ой білімімен, парасатымен жаңаша жаңғырып жалғасын таба берері сөзсіз.
Жоғарыда айтқанымыздай, 40 жылдан астам шығармашылық қызметінде Ш.Қалдаяқов 300-ге жуық музыкалық туынды жазды. Танымал әндер жазудағы табысы үшін композитор 1965 жылы Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты атағын алды. Ал, 1991 жылы оған «Қазақстан Республикасының Халық әрітісі» құрметті атағы берілді. Шәмші – қазақ өнерін үлкен жаңалық және ұлттық бояуы қанық өлмейтін туындылар олжалаған аса дарынды сазгер екендігін дәлелдеген өнерпаз. Шәмші Батыс өнеріндегі вальсті қазақ топырағына, қазақ табиғатына жақындатып, ұлтымыздың төл өнері санатына қосып жіберген композитор. Содан оны қазақ халқы аса құрметтеп «қазақ вальсінің королі» деп орынды мақтан етеді. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысушы ұл-қыздар Алматы алаңдары мен көшелерінде Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнін ұрандай шырқап шықты.
Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер болмайды
Ал енді осынау даланың дарынды ұлының ардақталып, құрметтелуі қандай дәрежеде деген мәселеге келсек, Шәмші артында мол музыкалық мұра қалдырған тамаша дарын иесі. Республика жастар сыйлығының лауреаты болды. Шымкент, Тараз, Жетісай қалаларының «Құрметті азаматы». 1992 жылдан Шымкентте сазгерлер мен әншілер үшін Қалдаяқов атындағы халықаралық ән байқау фестивалі дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл салада ұлттық өнер жанашыры, қоғам және мемлекет қайраткері Амалбек Тшанов, сазгер, шәмшітанушы Қалдыбек Құрманәлі ағаларымыздың еңбегін ел ешқашан ұмытпақ емес. Бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы облыстық филармония, бір көше, Алматы қаласында бір көше, Шәуілдір ауылындағы саз мектебі және бұрынғы Ленин орта мектебі, Қарақоңыр ауылы Ш.Қалдаяқов есімімен аталады. Шымкент филармониясы мен Шәуілдірдегі Шәмші мектебінің алдына даңқты сазгердің ескерткіші орнатылған. 1991 жылы Ш.Қалдаяқов жайлы ғұмырнамалық «Жылдарым менің, жырларым менің» (реж. Т.Ахметов) деген деректі телефильм түсірілді. «Шәмші-ғұмыр» естеліктер мен мақалалар жинағы, О.Бодықовтың «Шәмші Қалдаяқов» деректі повесі, Жарылқасын Нұсқабайұлы мен Сейтісхан Кішібайұлының құрастыруымен «Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырған» деректі естеліктер кітабы жарық көрді.
Сондай-ақ «Бақыт құшағында», «Сағынышым менің», «Менің Қазақстаным», «Шәмші әлемі» атты бірнеше әндер жинағы жарық көрді. Әсіресе «Шәмші» журналының жарық көруі ел рухын асқақтата түсті.
Сондай-ақ, ауданымыз бен аудандық «Отырар алқабы» газетінің 75 жылдығына, Шәмші Қалдаяқовтың 80 жылдығына, сатира сардары Көпен Әмір-Бектің 60 жылдығына арналған салтанатты мерейтойларға байланысты сазгерге арналған көптеген мәдени шаралар, ән байқаулары өткізілді. Ақын ағамыз Сейтісхан Кішібаевтың «Шәмшінің ән күмбезі» атты қітабы шығарылып, аудан орталығындағы «Менің Қазақстаным» мәдени кешенінде сазгерге арнап ескерткіш орнатылды.
Бүгінде ауданымызда Шәмші ағамыздың ізбасарлары көптеп өсіп келеді. Олар ұлттық ән өнерімізді, Шәмші әндерін насихаттауда көп жұмыстар атқарып, ел құрметіне бөленуде. Ендеше Шәмші Қалдаяқовтың өзі өмірден өтсе де, әні ешқашан да ұмытылмайды, қазақ халқының жадында, отырарлықтардың есінде мәңгі сақталады.
Ғалия Райымқұлова,
Аудандық партия комитетінің бұрынғы екінші хатшысы.
Отырар ауданның Құрметті азаматы.