Алкоголь мен темекі өнімдерін жарнамалауға қатысты Қазақстанда қатаң шектеулер енгізілген

16

Ішімдікке қарсы тәрбие – балалар мен жастардың санасына ішімдіктің зиянын жеткізетін, салауатты өмір салтын ұстануға бағыттайтын маңызды үрдіс. Жасөспірімдердің ішімдікке әуестігін болдырмау үшін дұрыс тәрбие мен алдын алу шараларын жүргізу қоғамның болашақ ұрпағының денсаулығын сақтау тұрғысынан аса маңызды. Осы мәселенің маңыздылығын Түркістан қаласының тұрғындарына түсіндіру мақсатында төмендегі кеңестерді назарларыңызға ұсынамыз. Ең алдымен отбасындағы тәрбиеге басыымдық беру қажет. Ішімдікке қарсы тәрбиенің алғашқы негізі отбасында қаланады. Баланың мінез-құлқы, өмірлік құндылықтары, салауатты әдеттері ең алдымен отбасынан бастау алады. Ата-аналар өздері үлгі болып, ішімдіктен аулақ жүру арқылы балаларға дұрыс бағыт көрсетеді. Балалар ата-аналарының әрекеттерін жиі қайталайтындықтан, олардың салауатты өмір салтын ұстануы жасөспірімге ықпал етеді. Ата-аналар балалармен ашық сөйлесіп, ішімдіктің зияны туралы түсінікті, дәлелді ақпарат берулері керек. Әңгіме барысында ішімдікке деген дұрыс емес көзқарастар мен стереотиптерді жойып, салауатты өмір сүрудің артықшылықтарын көрсету маңызды.

Сонымен қатар, мектептер мен басқа білім беру мекемелерінде ішімдікке қарсы тәрбие бағдарламаларын енгізу – балалар мен жасөспірімдерді зиянды әдеттерден сақтаудың тиімді жолы. Сынып сағаттары, дәрістер, тренингтер және танымдық сабақтар арқылы ішімдіктің физикалық және психологиялық зардаптарын түсіндіруге болады. Сонымен қатар, мұндай шараларда ішімдікке қарсы күресуші қоғам қайраткерлері, дәрігерлер және психологтар сөз сөйлеп, өз тәжірибелерімен бөліссе, жастарға үлкен әсер етеді. Мектептерде спорттық және мәдени іс-шараларды ұйымдастыру арқылы балаларды пайдалы әрекеттерге бағыттап, уақытын тиімді пайдалануға үйрету керек. Жастардың бос уақыты дұрыс ұйымдастырылса, олар зиянды әдеттерден алшақ болады. Қоғамдық және медиа кеңістіктегі тәрбиелік жұмыстарды да қалыс қалдыруға болмайды. Ішімдікке қарсы тәрбие тек отбасы мен мектепте ғана емес, қоғамда да жүруі тиіс. Теледидар, радио және әлеуметтік желілер арқылы ішімдіктің зияны туралы ақпарат тарату, танымал тұлғалардың қатысуымен бейнероликтер түсіру, сондай-ақ спорт пен өнерге насихат жүргізу маңызды. Жастардың санасына әсер ететін ақпараттық-насихаттық жұмыстар олардың ішімдіктен бойын аулақ ұстауға көмектеседі.

Алкоголь мен темекі өнімдерін жарнамалауға қатысты Қазақстанда қатаң шектеулер енгізілген. Мысалы, бұл өнімдерді БАҚ арқылы жарнамалауға толық тыйым салынған. Бұл шара әсіресе жастар арасында алкоголь мен темекіге деген қызығушылықты төмендетуге бағытталған, өйткені жарнама арқылы зиянды өнімдер танымалдыққа ие болады. Қоғамдық орындарда шылым шегуге тыйым салу да маңызды шаралардың бірі. Қоғамдық көліктерде, мекемелерде, саябақтар мен демалыс орындарында шылым шегуге шектеу қойылып, арнайы белгіленген орындарда ғана шегуге рұқсат беріледі. Бұл тыйымдар қоғамның денсаулығын қорғауға, әсіресе балалар мен шылым шекпейтін адамдарды зиянды түтіннен сақтауға бағытталған. Шылым шегуге арналған арнайы орындардың болуы да шекпейтін адамдарды қорғауға мүмкіндік береді, ал бұл қоғамда салауатты өмір салтын насихаттаудың маңызды бөлігі саналады.

Халықтың зиянды әдеттерден арылуы үшін ақпараттық-насихаттық жұмыстардың рөлі зор. Қазақстанда мектептер мен университеттерде зиянды әдеттердің денсаулыққа тигізетін зияны туралы арнайы лекциялар мен семинарлар өткізіледі. Жастарға темекі шегу мен алкоголь ішудің зияны түсіндіріледі, бұл әсіресе мектеп жасындағы балалар мен студенттер үшін маңызды. Денсаулық сақтау саласында да үгіт-насихат жұмыстары белсенді жүргізілуде. Арнайы бейнероликтер, жарнамалар, әлеуметтік желілер арқылы халыққа темекі мен алкогольден келетін зиян туралы ақпарат таратылады. Бұл ақпараттық шаралар адамдардың салауатты өмір салтын таңдауына ықпал етеді. Жасөспірімдер көбіне айналасындағы адамдардың әрекетіне қарап ішімдікке әуестенеді. Сол себепті, олардың ортасы да үлкен рөл атқарады. Балалардың дос-жарандары мен қоршаған ортасын бақылап, оларды салауатты өмір салтын ұстанатын адамдармен қарым-қатынас жасауға бағыттау қажет. Сонымен қатар, жастардың қызығушылықтарын анықтап, олардың қабілеттерін дамытуға ықпал ететін үйірмелер мен секцияларға қатысуын қолдау маңызды.

Еске сала кетейік, Қазақстан халықаралық деңгейде де алкоголь мен темекіге қарсы күрес шараларына белсене қатысады. Мысалы, ел Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының (БДҰ) темекі шегуге қарсы күрес туралы конвенциясына қол қойды. Бұл құжат темекі өнімдерін тұтынуды азайтуға және шылым шегуге қарсы заңнамалық шараларды күшейтуге бағытталған. Халықаралық тәжірибелерді қолдану, басқа елдердің тиімді шараларын енгізу Қазақстанның бұл бағыттағы жұмысын күшейтуге мүмкіндік береді. Жалпы, алкоголь және шылым шегуге қарсы шаралар Қазақстанда халық денсаулығын сақтау мақсатында жан-жақты жүзеге асырылып жатыр. Заңнамалық шектеулер, экономикалық ынталандырулар, түсіндіру жұмыстарымен қатар, мемлекеттік қолдау бағдарламаларының болуы — осы зиянды әдеттермен күрестегі маңызды қадамдар болып табылады.

Сонымен қатар, ішімдікке қарсы тәрбиенің бір негізі – балалардың бойында жауапкершілік пен өзін-өзі бақылау дағдыларын қалыптастыру. Жасөспірімдерге өмірдің мәні мен мақсаттарын түсіндіру арқылы олардың өз болашағына деген жауапкершілігін арттыру керек. Өз өмірін, денсаулығын және отбасын қадірлеуге үйрету – олардың санасына ішімдіктің қауіптілігін ескертіп, оны өмірлік құндылықтармен салыстыруға мүмкіндік береді. Жалпы алкогольдің зияны туралы айтып жатудың өзі артық. Ғалымдар алкогольдің адам санасын тереңінен улайтын наркотиктен де қауіпті екендігін дәлелдеген. Оның себебі санадан тыс әсер етуінде екен. Сондай-ақ алкогольдің құрамында адам ағзасына өте қауіпті этил спирті бар. Бұрынғы кездері медицинада кейбір сәттерде наркоздың орнына спирт қолданылыпты. Бірақ бұның наркоздан да қауіпті зияны анықталып, орнына тек қана наркоз қолданылатын болған екен. Сонда алкогольдің наркотиктен де қауіпті екенін біле тұра қалай пайдаланып жүргенімізді көз алдымызға елестету қиын.

Ғалымдар алкогольге наркотиктің ішіндегі улысы деген баға берген екен. Оның бір мысалы ретінде алкогольмен денесі уланған адамнан туылған балалардың мүгедек болып туылуында. Себебі адамның геніне алкоголь радиацияның деңгейінде әсер етеді екен. Алкогольдің биологиялық зияндылығынан да бұрын адамның ақыл санасын біртіндеп жойып жіберетіндігі қауіпті. Ал алкоголдің зияндылығын ғылыми тұрғыдан ғана емес, қарапайым мысалдармен де айтуға болады. Жол апаттарының көбеюі, түрлі ауру сырқаулардың көбеюі, т.б. бұған мысал бола алады. Себебі осы келеңсіздіктердің барлығының артында алкоголь жасырынып жатқаны шындық. Ішімдікке қарсы тәрбие – ұзақ және кешенді процесс. Ол отбасы, білім беру мекемелері, қоғам және жеке адамның тәртібімен тығыз байланысты. Жас ұрпақтың бойында салауатты өмір салтына деген оң көзқарасты қалыптастыру үшін барлық деңгейде жан-жақты жұмыстар атқарылуы керек. Тек сол кезде ғана ішімдікке әуестіктің алдын алып, дені сау, саналы және болашағы жарқын қоғамды қалыптастыра аламыз.