Жастар арасында ішімдікке құмартқандар саны көбейген

10

Әлемде жыл сайын екі миллионға жуық адам ішімдіктің салдарынан көз жұмса, Қазақстанда жарты миллионнан астам адам ішімдікке құмар. Бұл тек ресми дерек. Дәрігер мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш іс жүзінде әлде қайда көп болуы мүмкін. Маскүнемдік көптеген аурулардың туындауына, қылмыс деңгейінің артуына, экономикалық шығындарға әкеледі. Осы мәселенің маңыздылығын Түркістан қаласының тұрғындарына түсіндіру мақсатында елімізде атқарылып жатқан шаралар жөнінде мәліметтерді ұсынамыз. Қазақстан республикасы денсаулық сақтау министрлігінің салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының ұлттық орталығы жүргізген соңғы зертеулерге қарағанда, айына 1-2 рет арақ ішетін азаматтардың 37 пайызын 15-17 жастағы балалар құрайды. Ішімдікке баратын азаматтардың оның ішінде араққа құмар жастардың санын азайту үшін үстіміздегі жылы Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары мектеп оқушылары және студенттер арасында пікір сайыс ұйымдастырып, балалар арасында салауатты өмір салтын насихаттауды көздеп отыр.

Соңғы жылдары жастар арасында ішімдікке әуестік пен оның зиянды әсерлерінің артуы қоғамды алаңдатып отыр. Бұл мәселенің өзектілігі арта түсіп, денсаулық сақтау ұйымдары мен білім беру мекемелері дабыл қағуда. Статистикалық мәліметтер бойынша, ішімдікке тәуелді жастардың саны соңғы бірнеше жылда айтарлықтай өскен. Бұл құбылыстың бірнеше себебі бар, және әрқайсысы мәселенің күрделілігін көрсетеді. Алдымен, ішімдікке деген қызығушылықтың өсуі жастардың бос уақыттарын дұрыс пайдаланбауы, ойын-сауықтың қолжетімділігі және әлеуметтік желілердегі теріс насихаттың әсерінен туындап отыр. Қазіргі заманда жастар арасында ішімдік тұтынуды сәнді іс ретінде қабылдау кеңінен тараған. Әлеуметтік ортада ішімдік ішу «еркіндік» пен «жетілгендік» белгісі ретінде қарастырылып, бұл үрдіс жас буынға қатты әсер етуде.

Сонымен қатар, отбасылық бақылаудың әлсіреуі де маңызды факторлардың бірі болып табылады. Ата-аналар көбіне жұмысбасты болып, балаларға жеткілікті назар аудармайды. Отбасылық қарым-қатынастың әлсіреуі, сондай-ақ, жастардың қиындықтарды шешудің дұрыс жолдарын таппауына әкеледі, бұл өз кезегінде ішімдікке деген әуестікке түрткі болады.Ішімдіктің денсаулыққа зиянды екені бәрімізге белгілі. Жасөспірімдердің ағзасы толығымен қалыптаспағандықтан, ішімдік оларға үлкен зиян келтіреді. Орталық жүйке жүйесінің бұзылуы, бауыр мен асқазан аурулары, психологиялық проблемалар — ішімдікке тәуелділіктің салдары болып табылады. Сондай-ақ, ішімдікке құмартқан жастардың өмір сүру сапасы нашарлап, білім алу мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктері де төмендейді.

Мәселені шешу үшін ең алдымен, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру қажет. Мектептерде және жоғары оқу орындарында ішімдіктің зияны туралы үгіт-насихат жұмыстарын күшейту, отбасында тәрбиені жақсарту, спорттық және мәдени іс-шараларды қолдау арқылы жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау маңызды. Сонымен қатар, ішімдікке қарсы заңнамаларды қатайту, ішімдік өнімдеріне шектеу қою да тиімді тәсілдердің бірі болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта ел ішінде спирттік ішімдік ішу бұрынғы кездегідей емес, азайған деп жатады. Жастардың басым бөлігі ішімдік пен шылымға мүлде жоламайды. Кей өңірлерде дүкендері ішімдік сатудан бас тартқан ауылдар да бар. Бұл жақсы. Дегенмен статистика арақ-шараптың орасан көп мөлшерде сатылып келе жатқанын көрсетеді. Демек, ішімдік ішудің деңгейі әлі де болса бәсеңси қойған жоқ. Шыны керек, бүгінде мәдениетті алқаштар көбейген. Олар көшеде аунап ішпегенімен таза жүріп-тұрып-ақ ішкілікті мөлшерден едәуір артық көлемде судай сіміріп алады. Бүгінгінің адамы оңайлықпен мас та болмайды. Себебі қазіргі күннің арағында алып бара жатқан қуат жоқ. Қанша ішсең де кете береді, ал талтаңдаған мас халге жету үшін бір адам кемі екі шишасын ішуі керек болады. Қазіргі арақ көбіне сырты әшекейлі, өзі қымбаттау, бірақ құрамында қуаты кем, дәрі-дәрмекпен күшейтіп қойған болып келеді. Бір шишасын түгел ішіп алған адам көшеде емін-еркін жүріп, талай ісін тындырып, ешбір қақ-соққа ұрынбай-ақ үйіне әндетіп жетеді. Ілгеріректе арақ-шараптың қуаты болды, оны абайлап, мөлшерімен ішетін. Үш адам ортадан ақша шығарып бір шиша арақты ішіп, өлең айтып теңселіп қайтатын еді. Қазіргілердің үшеуі жиылса кемі бес-алты шиша арақты ішіп барып орындарынан тұрады. Жеңіл масаң болу үшін үшеуі бір-бірден үш шиша ішсе, жалғастыра келе бес-алтауға апарады. Соның өзінде қатты теңселмей өз аяқтарымен тарқайды. Міне, арақтың көп сатылып, статистиканың өсуінің себебі осында болса керек.

Қазақстан халықаралық денсаулық сақтау ұйымдарымен, әсіресе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен (ДДҰ), алкоголь мен темекі өнімдерінің зиянын азайту мақсатында тығыз жұмыс істейді. Ел бұл ұйымдардың ұсыныстарын ескере отырып, алкоголь мен шылым шегуге қарсы күресті күшейту шараларын жүзеге асырады. Мемлекеттің алкоголь мен шылым шегуге қарсы шараларының арқасында соңғы жылдары халықтың денсаулық көрсеткіштері жақсарып келеді. Жастар арасында зиянды әдеттерге қарсы көзқарас қалыптасып, салауатты өмір салтының маңызы артуда. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы шаралар жалғасып, халықтың денсаулығын нығайтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылатын болады. Алкогольге және шылым шегуге қарсы шаралар — халықтың денсаулығын қорғау, зиянды әдеттердің алдын алу және олардың әлеуметтік-экономикалық әсерін азайту мақсатында мемлекет тарапынан жүргізілетін саясаттың маңызды бөлігі. Қазақстанда бұл шаралар қоғамдағы зиянды әдеттерге қарсы күресті күшейтуге бағытталған және денсаулық сақтау, заңнама және ақпараттық-ағарту салаларын қамтиды. Жастар арасында ішімдікке әуестіктің көбеюі — қоғамның назарын қажет ететін маңызды мәселе. Бұл проблемаға дер кезінде назар аударылмаса, оның салдары болашақта үлкен қиындықтар туғызуы мүмкін. Жастарды қорғау мен олардың денсаулығын сақтауда мемлекеттік органдар мен қоғам бірлесе жұмыс жасауы қажет.