ҚҰТЫРУ АУРУЫНЫҢ ЕМІ ЖОҚ, АЛАЙДА ОНЫҢ АЛДЫН АЛУҒА БОЛАДЫ:- ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

53

Құтыру дерті адамдарға құтырған жан-жануарлар тісін батырғанда, терісінің зақымданған жеріне олардың сілекейі жұққанда пайда болатын аса қауіпті ауру. Сондай-ақ, ауру жануардың жарақаттауы арқылы жұғатын, орталық жүйке жүйесін ауыр зақымдайтын жұқпалы ауру. Көбіне бұл дертті ит, түлкі, мысық, қасқырлар таратады. Одан бөлек, үй жануарлары арасында кездесіп, сілекейлері арқылы сыртқы ортаға бөлінеді. Аурудың бұл түрі құтырумен ауырған жануардың адамды тістеуі, жарақатталған тері мен шырышты қабықшаларына сілекейінің жағылуы арқылы жұғады. Әсіресе, бастан және қол саусақтарынан жарақат алған жағдайлар өте қауіпті.

Құтыру ауруымен сырқаттанған адамға ем жоқ. Бірақ, аурудың алдын алуға болады. Құтырған немесе оған күдікті деген жануардан жарақат алғандарды сақтап қалудың бірден-бір жолы – антирабикалық вакцина және антирабикалық иммуноглобулин егу. Көп жағдайда халық арасында бұл мәселеде әлі де немқұрайдылық танытушылар аз емес. Ит қапқан кезде жарақат алған жерді сабынды таза сумен мұқият жуып, жарақаттың айналасын 70 пайыздық спиртпен немесе 5 пайыздық йод ерітіндісімен залалсыздандырып, алғашқы көмек дер кезінде көрсетілуі керек. Егер өзіңізге белгілі ит немесе мысықтан жарақат алсаңыз, жануарды мал дәрігеріне көрсетіңіз. Мал дәрігері оны 10 күн бақылауда ұстап, сау болса анықтама береді, егу тоқтатылады. Жарақаттанған адамға осы аралықта 3 рет егу тағайындалады. Ал, егер жарақаттаған жануар қашып кетіп, табылмаса, белгісіз болса немесе өліп қалған жағдайда 6 рет егу тағайындалады.

Сондықтан мінезінде өзгерістер байқалған жануарларды аулақ, оқшаулап ұстап, дер кезінде мал дәрігерін шақыру керек. Ит, мысық асырайтын болсаңыз, мамандарға көрсетіп, кеңес алып, құтыру ауруына қарсы екпе ектіріп тұруларыңыз қажет. Құтыруға тән белгілер – жану, ауырсыну, тістеу аймағында қышу, себепсіз мазасыздық, сирек тітіркену. Жұтқыншақ пен көмей бұлшықеттерінің конвульсиялық жиырылуы ішуге тырысқанда, ерніңізге бір стақан су жақындағанда, ағып жатқан судың дыбысында және тіпті «су» сөзінде пайда болады. Науқас сілекейді жұта алмайды және оны үнемі түкіреді. Содан кейін қозу және паралич кезеңі басталады. Өлім тыныс алудың салдарынан және жүрек қызметінің төмендеуінен болады.

Тұрман Бекжан Серікұлы, Туркестан облыстық жедел медициналық жардем станциясының Фельдшер инструкторы