РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ КЕНТАУДА ЖҮГІРУДЕН МАРАФОН ӨТТІ

10

25 қазан Республика күніне орай, Кентау қаласында желаяқ спортшыларға арналған марафон өтті. Қала әкімі Жандос Тасов шараға қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Шаһар басшысының сөзінше, бүгінде Кентауда бұқаралық спортты дамытуға арналған шараларды ұйымдастыру үрдіске айналған. Марафон — жастарды салауатты өмір салтына баулу мақсатында ұйымдастырылған.

Аталмыш марафон қалаға қарасты Хантағы ауылынан Қаратау қорығына дейінгі аралықта өтті. Жарысқа 300-ден аса спортшы қатысқан. Оның ішінде, 17 жастан жоғарылар 5 шақырым бойынша жүгірсе, 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер 3 шақырымға дейін жүгіріп өткен. Нәтижесінде 20 жүлдегер анықталып, оларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.