СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ СУ ҚОЙМАЛАРЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫМЕН ТАНЫСТЫ

20

Еліміздің Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Түркістан облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі су қоймаларының жағдайымен танысты. Министр Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен «Көксарай» су реттегіш нысанының техникалық жағдайы мен өзекті мәселелерін талқылады. Сондай-ақ су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарды салу және реконструкциялау бойынша жоспарланған жұмыстар таныстырылды.

«Көксарай» су реттегішінің жалпы жобалық су көлемі – 3,0 млрд.м3. КСР кешеніне кіретін нысандардың техникалық жай-күйінің беріктігі төмендеген. Қазіргі таңда ыза суының көп мөлшерде шығуына байланысты 1,5 млрд. текше метрден артық су жинау мүмкіндігі жоқ. Мәселені шешу мақсатында ҚР ЭТРМ Су ресурстары комитеті тапсырмасымен ЖСҚ әзірленді. Жобаны 3 кезеңмен жүзеге асыру жоспарлануда.

Түркістан облысында 16 су қоймасы бар. Онда жиналған су көлемі – 5148 млн. м3.

«Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы жүріп жатыр. Бөгеттің ұзындығы – 1,75 шақырым, биіктігі – 26 метр. Су қоймасы көктемгі тасқын суын жинап, суару маусымында «Бөген» су қоймасына қосымша су жіберетін болады. «Бәйдібек ата» су қоймасының негізгі су көзі – Бөген өзені. Гидрологиялық есептеулерге сәйкес, өзеннің орташа жылдық ағыны – 165 млн текше метрге дейін жетеді. Яғни, осы суды жинап алып, халықтың қажеттілігіне жарату өте маңызды.

Министрліктің Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес Түркістан облысында «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймалары салынады. Екі нысан «Бөген» су қоймасына қосымша 113 млн текше метр су жеткізуге мүмкіндік береді. Осылайша Түркістан қаласы аумағында ағын су мәселесін шешу жоспарланған.

Облыста суармалы жер көлемін арттыру, су қоймалар мен каналдардың тиімділігін молайту, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жалғасады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі