ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ГАЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

44

Бүгін Ордабасы ауданына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов арнайы іссапармен келді. Аудан әкімі Азат Оралбаев тұрғындарды сапалы ауыз су, электр энергиясымен, табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалармен қатар алдағы жоба-жоспарларды таныстырды.

Әуелі облыс әкімінің бірінші орынбасары Шұбарсу ауылын ауыз сумен қамтудың 5 кезең құрылыс жұмыстарын аралап, жұмыс кестесінің барысын тексерді.

Ауылды ауыз сумен жабдықтау құрылысы 5 кезеңін мердігер “Көлсай Строй” мекемесі жүргізуде. Құбырлардың жалпы ұзындығы 154,887 шақырымды құрайтын жоба 3191 абонентті сапалы сумен қамтамасыз етуге қауқарлы.

Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталуда. Субастау аумағында абаттандыру, су есептуіш құралдарын орнату және қосу-құрастыру жұмыстары жүруде.

Мұнан соң Зұлпыхар Сансызбайұлы Қараспан ауылдық округі, Батыр ата ауылының табиғи газбен қамту құрылыс алаңына барып, газдандыру бойынша атқарылған жұмыстармен танысты.

Аталған ауыл шеңберінде жер астымен 19,0 шақырымға газ құбыры тартылды. ГРПШ-10-80 дана және ГРПШ-6-34 дана тіреуіштер дәнекерленді. Қазіргі таңда темір құбырлардың 1,6 шақырымның тіреуіштері қойылатын орындарға бетондау жұмыстары жүргізілуде.

Сапар барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Сансызбайұлы Қараспан ауыл округі, Берген ауылының табиғи газбен қамту құрылысы нысанын пайдалануға беру рәсіміне қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты сәтімен құттықтады.

Айта кетерлігі 2021 жылы басталған газдандыру жұмыстарының нәтижесінде ауылға дейінгі 9.038 шақырымға газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізіліп, ауылдағы 259 үй көгілдір отынмен қамтылды.

Сондай-ақ, Көлтоған ауылын табиғи газбен қамту құрылысы бойынша проблемалық мәселелерді аралап көрген өңір басшысының бірінші орынбасары мердігер мекеме жауаптыларына газдандыру жұмыстарын қысқа уақыт ішінде аяқтап, тұрғын үйлерге газ жеткізуді тапсырды.

18,315 шақырымды құрайтын Көлтоған ауылындағы газдандыру жобасы аяқталған жағдайда 289 абонентті көгілдір отынмен қамтамасыз ете алады. Бүгінде мердігер мекеме “АлемСтрой-1″ ЖШС тарапынан полиэтилен газ құбырының ұзындығы-9,959 шақырым және болат құбырының ұзындығы-3,56 шақырым жұмыстары жүргізілген. Алдағы уақытта 2,2 шақырымға темір құбыр тарту қажет.

Аталған сапар аясында облыс әкімінің бірінші орынбасары аудан әкімдігі ғимаратында табиғи газ, ауыз сумен қамту құрылысын жүргізіп жатқан мердігерлер, авторлық, техникалық қадағалаушылармен техникалық кеңес өткізді.

Кеңес отырысында аудан әкімінің салаға жауапты орынбасары Қыдырбай Сейтқұл ауданда инженерлік-инфрақұрылым саласы бойынша жүргізілген жұмыстарды айтты.

Айтуынша аудандағы 15 елді мекен (34,3 пайыз) табиғи газбен қамтылған. Жыл қорытындысымен 6 елді мекен (Ынталы, Елшібек батыр, Спатаев, Қызылжар, Төрткөл, Қарақұм) көгілдір отын берілді. Қалған 8 елді мекен (Берген, Қараспан, Бейсен, Мақташы, Ақжол, Жамбыл, Бірлік газ жеткізуші, Батыр ата) қаңтар-ақпан айларында табиғи газбен қамту жоспарлануда. Осылайша ауданды газдандыру көрсеткіші 43 пайызға артады. 11 елді мекенінің (Амангелді, Төреарық, Көлтоған, Шұбар, Береке, Сарытоғай, Тоқсансай, Шұбарсу, Бөген, Еңбекші, Көкарал) құрылыс-монтаждау жұмыстары 2024 жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарлануда. 3 нысан (Жеңіс, Көктөбе және Көкарал газ жеткізуші) 2024 жылға қаржысы қаралып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталуда.

Сонымен қатар жиналыс барысында Шұбарсу, Қараспан ауылдық округтерінде ауыз су, газ жүргізу бойынша орын алған кемшіліктер баяндалып, олқылықтардың орнын толтыру, тұрғындарға ауыз су, көгілдір отын жеткізуге мердігер мекеме жауаптылары өз тарапынан тез арада аяқтау жөнінде уәделі келісімін берді.