ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМИТЫН БОЛАДЫ

16

Қаратау — қаламыздың әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан жас аудан. Қала келбетінің көрікті әрі мегаполис талаптарына сай болуында ауданның атқарар үлесі орасан зор.

Осы мақсатта бүгінде қаламыздың даму жоспарына сәйкес ауданда тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруда ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Ағымдағы жылы да аудан басшылығы инфрақұрылым жүйелерін дамыту, абаттандыру, жарықтандыру мен жолдарды жөндеу бағытындағы жұмыстарды атқаруға әдеттегідей басымдық беріп отыр.

Ауданда орналасқан жалпы саны 626 көп қабатты үй, 210 аулаға біріктірілген. Аудан әкімі аппараты тарапынан аталған аулаларды абаттандыру жұмыстары тұрақты атқарылып келеді. Өткен жылы аулаларға 21 ойын алаңшасы салынса, ағымдағы жылы 27 балалар ойын алаңшасын салу көзделіп отыр. Жаңа ойын алаңшалары аудандағы “Сайрам”, “Нұртас”,”Тассай”, “”Қызылсу”, “Тұран”, “Бозарық”, “Нұрсәт” “Мирас”, “Шапағат” елді мекендерінде салынатын болады.

Сонымен бірге, “Нұрсәт”, “Шапағат”, “Нұртас” шағынаудандарында биыл үш ашық спорт алаңшасы салынып, тұрғындарға пайдалануға берілетін болады.

Тұрғындар өтінішіне сәйкес, аудандағы “Нұртас”,”Тассай”, “Таскен”, “Сайрам”, “Шапырашты”, “”Өтеміс”, “Мәртөбе”,“Мирас”, “Шапағат” “Қайтпас” елді мекендерінде 16 орынға ирригацялық арық орнату жұмыстары жүргізілетін болады.

Қала көркіне сән беретін нысандардың бірі — гүлзарлар. Былтыр ауданда 7 гүлзар салынып пайдалануға берілсе, биыл 11 нысанның құрылысы бастау алмақ.

Өткен жылдың басты жетістігі бұл ауданда 320 көшенің толығымен жарықтандырылуы болса, биылғы жылы бұл көрсеткешті 351 көшеге ұлғайту межесі қаралып отыр.

Тұрғындарды алаңдататын өзекті мәселе — жол жөндеу жұмыстары. Ағымдағы 2025 жылы аудандағы “Тұран”,“Мирас”, “Шапағат”, “Нұртас”, “Мәртөбе”, “Алтын Орда” және “Сайрам” елді мекендерінде жалпы саны 138 көшеге асфальт төсеу жұмыстары атқарылады.

Ауданда аталған жұмыстардың барлығы қала басшысының тапсырмасына сәйкес жүйелі бақыланып жүзеге асырылатын болады.