НЕГІЗГІ МІНДЕТТЕРДІҢ БІРІ ІШКІ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ
Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл округтерінің әкімдері, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары қатысты.
Мәжілістің күн тәртібіндегі бірінші мәселе көктемгі көшет егу және көгалдандыру жұмыстарының барысы туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Саттар Нәлібай баяндаса, туризм саласын дамыту туралы, индустриалды аймақты қайта құру туралы аудан әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев хабарлама жасап, аудан аумағындағы тарихи нысандардың айналасын абаттандыру, көріктендіру, келетін қонақтарға сервистік қызмет көрсету сапасы жөнінде жан-жақты сөз етті.
Аудан әкімінің оынбасары өз сөзінде: «Киелі Отырар – Орталық Азиядағы ең ежелгі шаһарлардың бірі. Қазақ өркениетінің алтын діңгегі саналған Отырар жеріне жер жүзінен аса қызығушылықпен келетін ғалымдар мен саяхатшылар жылдан-жылға артып келеді. Жыл сайын аудандағы киелі орындарға келушілердің саны 120 мыңға жуық адамды құраған. Көне тарихымыздан сыр шертетін осынау бай мұраларымызды насихаттай отырып, ішкі туризмді дамыту алға қойылған негізгі міндеттердің бірі болып табылады»,-деді.
Жиын барысында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудан аумағындағы тарихи орындар мен «Арыстанбаб» кесенесінің айналасындағы тазалық, дүнгіршектердегі сатушылар мен қызметкерлердің униформамен жүруі, сервистік орталықтарының сапасының талапқа сай қызмет көрсетуі, Отырарлық брендті қалыптастыратын жергілікті шеберлердің қолөнер бұйымдарын туристерге ұсыну мәселелері жан-жақты пысықтап, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Жалпы аймақтағы туризм саласы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер тигізетінін айтып, туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында істеліп жатқан жұмыстар сапалы атқарылуы керектігін атап өтті.