МӘМС: ШЫМКЕНТТЕГІ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ САПАСЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?

31


Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі енгізілгелі бері медициналық қызмет көрсету сапасы артып, халық үшін жоғары технологиялық көмекке қолжетімділік айтарлықтай жақсарды. Денсаулық сақтау ұйымдарын қаржыландыру көлемі жыл сайын артып, медициналық көмекке бөлінетін қаражат ұлғаюда. 2024 жылы Шымкент қаласының денсаулық сақтау бюджеті 134,2 млрд теңгені құрады, оның ішінде 61,7 млрд теңге МӘМС жүйесіне, ал 72,5 млрд теңге ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі) шеңберінде медициналық қызметтерге бағытталды.
Бүгінде Шымкент қаласында 164 медициналық мекеме жұмыс істейді, оның 34-і мемлекеттік, 130-ы жекеменшік ұйымдар. МӘМС қоры медициналық қызметтерге түскен қаражатты тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті аясында медициналық ұйымдарға ай сайын үлестіріп отырады. Айта кету керек, МӘМС – жинақтаушы жүйе емес, сондықтан сақтандырылған әр азамат төленген жарнасына қарамастан, барлық қажетті медициналық көмекті алуға құқылы.
Шымкентте былтыр 1500-ге жуық жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетілген. Қаржыландырудың басым бөлігі кардиохирургиялық және нейрохирургиялық күрделі операцияларға бөлінді. 2024 жылы қалада 1 жүрек, 2 бауыр және 10 бүйрек трансплантациясы жасалды. Бір ағза алмастыру отасының құны 10 млн теңгеге жетуі мүмкін, алайда бұл шығындардың барлығы МӘМС жүйесі арқылы өтеледі. Сондай-ақ, соңғы бес жыл ішінде Шымкент жүрек орталығында 20-ға жуық науқасқа жасанды жүрек имплантациясы жасалды. Бұл күрделі отаның әрқайсысы шамамен 77 млн теңгені құрайды және толықтай МӘМС қаржысы есебінен төленеді.
МӘМС жүйесіндегі ең сұранысқа ие қызметтердің бірі – медициналық оңалту. Бұл бағыттағы қаржыландыру жылдан-жылға артып келеді. Егер 2019 жылы оңалту шараларына 1,1 млрд теңге бөлінсе, 2024 жылы бұл сома 4,5 млрд теңгеге дейін жетіп, төрт есеге артты. Өткен жылы 400 мыңнан астам оңалту қызметі көрсетілді. Медициналық оңалту инсульттан, ауыр жарақаттан, кардиохирургиялық операциялардан кейінгі және созылмалы аурулармен ауыратын науқастар үшін өте маңызды. Сонымен қатар, тірек-қимыл аппараты ауруларымен ауыратын, сал ауруына шалдыққан балаларға да кеңейтілген оңалту мүмкіндіктері қарастырылған. Оңалту қызметін алу үшін пациент өз емханасына жүгініп, реабилитолог немесе көпсалалы комиссияның шешімі негізінде оңалту курсын өте алады.
Қорытындылай келе, МӘМС жүйесі денсаулық сақтау саласына тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етіп, азаматтардың сапалы медициналық қызмет алу мүмкіндігін кеңейтіп отыр. Мемлекет қаржылай қолдауды арттыру арқылы медициналық көмектің барлық саласын дамытуда. Алдағы уақытта да бұл жүйе медицина сапасын жақсартып, халыққа қолжетімді қызмет көрсетуді басты мақсат етіп қала бермек.